Елордалық жылыжайдан күн сайын шамамен 3-4 тонна көлемінде қияр жиналады. Бұл туралы Астананың №1 Индустриялық паркінде орналасқан Жылыжай кешенінің бас агрономы Айбол Рамазан мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қарашаның үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні. Бұл ретте Астананың суығына қарамай, 12 ай бойы көкөніс өнімдерін жинауға мүмкіндік беретін Жылыжай кешенінің бас агрономы Айбол Рамазанмен сұхбат құрдық. Ол бұл қызметті 2018 жылдан бері атқарып келеді.

«Біз жылыжайымызда негізінен қияр көкөніс дақылын өсіреміз. Одан басқа қызанақ бар және осы жеті жылдың көлемінде құлпынай, бақшалық бүлдірген, салат жапырақтарын өсірдік. Жалпы, өндіріс қуатына келсек, біздің өніміміз Астана қаласы бойынша таратылады. Күніне шамамен 3-4 тонна көлемінде қияр жинаймыз», - деді Айбол Таңатұлы.

Оның сөзінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агрономиялық жұмыстардың және осындай жылыжай кешендерінің атқаратын рөлі зор әрі ерекше маңыздылыққа ие.
«Жалпы, ауылшаруашылық бағыты – өте қызықты әрі болашағы бар саланың бірі. Еліміздің толық әлеуеттілігін көрсетуге мүмкіндік береді. Себебі еліміздің ресурстары жер көлемі бойынша және басқа да факторлар осы бағытқа сәйкес келеді деп ойлаймын. Сол себепті барынша болашағы бар бағыт болған соң, әрине, біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандар өте көп қажет», - деді ол.

Айбол Рамазанның айтуынша, жылыжай кешендерінің де болашағы зор. Ол қызмет атқаратын жылыжай – төртінші буындағы жылыжай кешені. Толыққанды автоматтандырылған, заманауи талаптарға сай голландиялық үлгіде салынған.

«Жалпы агрономия, өсімдіктермен жұмыс істеу өзіме ұнайды. Сол себепті осы мамандықты таңдап, аталмыш салаға бет бұрдық», - деді ол.

Айта кетсек, Айбол Рамазан Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туып-өскен. Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникатық зерттеу университетінің 2016 жылғы түлегі. 2018 жылы аталған оқу орнының магистратурасын тәмамдаған.