Астанадағы мектепте экологиялық мәдениет тақырыбында тәрбиелік іс-шара өтті
Астанадағы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде «Оқушылардың экологиялық мәдениеті: қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу» тақырыбында 8-9-сыныптарға арналған ақпараттық-тәрбиелік іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіру, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру және табиғатты қорғауға бағытталған көзқарасын дамыту.

Бұл іс-шарада елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік экологиялық бастамалар, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы маңызды шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, экологиялық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары туралы талқыланды.
Іс-шара барысында қоқысты сұрыптау мәдениеті, пластик, қағаз, әйнек және металл қалдықтарының қайта өңдеуге жарамдылығы, тұрмыста экологиялық әдеттерді енгізу сияқты тақырыптар қамтылды.
Мектеп оқушыларына 9-сынып оқушылары дайындаған «Қалдықтарға екінші өмір сыйла» жобасы таныстырылды.

Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейі директоры Оразгүл Жолдасбекова білім ордасындағы ұстаздар оқушылардың бойына экологиялық мәдениет пен экологиялық сауаттылықты сіңіру бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты.
“Мектебімізде “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде, “Таза Қазақстан” жобасы аясында оқушылар арасында “Экологиялық мәдениетті қалыптастыру” аптасы жүріп жатыр. Бұл іс-шараға оқушыларымыз аса үлкен қызығушылық танытып отыр. Өткен аптада ата-аналармен жиналыс болды. Ата-аналардың алдында да оқушыларды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағдарлау бойынша жұмыс жүргіздік. Олар осы бастаманы қолдайтынын көрсетіп, пластик қалдықтарын жинап, айналаны таза ұстауға атсалысқанын баса айтқым келеді. Жалпы біздің мектебімізде экологиялық мәдениет, экологиялық сауаттылық сабақтарға да енгізіліп отыр. Мектептегі пән мұғалімдері осы экологиялық тәрбиені өз пәндерімен сабақтастырып жатыр. Біздің мектеп ретіндегі мақсатымыз - оқушыларды адалдыққа, тазалыққа, өз Отанын сүюге бағыттау. Байқасаңыздар, мектептегі қоқыс жәшіктерінің сыртында сұрыптау бойынша қоқыс түрлері жазылып тұр. Балалар осыған сәйкес қоқыстарды сұрыптайды. Сондай-ақ біз оқушылардың тұлғалық дамуына, шығармашылығына ерекше назар аударамыз. Оқушылар әртүрлі жобалар жасайды, оны өз қатарластырының алдында қорғап, пікір алмасады. Олардың жобаларының ішінде пластикті өңдеу, қоқыс сұрыптау, салт-дәстүр сияқты түрлі тақырыптар бар”, - деді мектеп директоры.

Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейі белсенді оқушыларының бірі, мектеп президенті Сәлима Тәжібай экологиялық мәдениеттің негізі патриотизм мен Отанға деген махаббатта жатыр дейді. Сөзінше, Отаныңды жақсы көру айналаңды таза ұстаудан басталады.
“Мен осы мектептің президентімін. Сондай-ақ Астана қалалық “Жас көшбасшылар клубының” мүшесімін, волонтерлікпен айналысамын. Мектеп президенті ретінде эко-quiz ұйымдастардым. Оған мектептің Парламенті құрамындағы оқушылар қатысты. Олар экологиялық мәдениет тақырыбындағы викториналық сұрақтарға жауап берді. Менің ойымша, әрбір қазақстандық өз Отанының патриоты ретінде айналасын таза ұстауы керек, ауаның, табиғаттың ластануына жол бермеуі тиіс. Осы ретте біздің жасап жатқан экожобаларымыз маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Сондай-ақ “Қоқысты кім тезірек сұрыптайды?” деген сергіту байқауын ұйымдастырдық. Сыныптар арасында челленждер өткіземіз, оған 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі барлық сыныптар қатысады. “Қай сынып қоқысты көбірек жинайды?” деп жарысады. Тағы бір айта кететін жайт, ата-аналар жиналысында да осы тақырып туралы талқыланып тұрады. Ата-анам мектептен тыс уақытта да экологиялық жағдайымызға ерекше назар салуымды бақылап отырады”, - деді ол.