Астанада «Ұлттық код – ұрпаққа аманат» этнофорумы өтті
Ұлттық музейде «Ұлттық код – ұрпаққа аманат» этнофорумы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елордадан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық қазақ қолөнерінің жанашырлары қатысқан форумның негізі мақсаты – ұлттық құндылығымызды насихаттау.

«Хас шебер» қауымдастығы қанатының астында 100-ден астам қолөнершілер топтасқан. Бізді толғантатын мәселе - әлі күнге дейін қолөнершілер өнімін әрі қарай дамыту үшін кейбір тетіктердің жоқтығы. Соны біз Үкімет деңгейінде көтеріп, заңнама арқылы жүйелесек деп отырмыз. Қолөнершілеріміздің өз бұйымдарын насихаттайтын, сататын ортақ платформасы болса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ осы уақытқа дейін қолөнершілердің арнаулы күні болмаған болса, соны біз келесі жылдың 7 шілдесінен бастап атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз», - деді форумды ұйымдастырушысы, «Хас шебер» қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.

Форум қатысушылары бүгінгі ауқымды іс-шараның нәтижесінен қолөнершілерге қолдаулар көрсетудің нақты жолдарын табу күтілетінін айтты.

«Біз қауымдастықтағы хас шеберлердің түйінді мәселелерін тарқатып, өнімдерін нарыққа шығарғымыз келеді. Осы бастамаларымызға қолдау көрсету үшін форумға әкімшіліктен, министрліктен және де өзіміздің ұлттық құндылықты насихаттап жүрген белгілі адамдарды шақырып отырмыз. Қазіргі таңда өзіміздің ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрімізді заманауиландырып, күнделікті өмірге енгізуге жол ашу қажет болса, формумда осыған қатысты көптеген көкейтесті мәселелер шешімін табады деген ойдамын. Мәселен, қолөнершілерге сауда орталықтарынан орын сұраймыз, одақтастық құрып, гранттар бөлу сияқты қолдаулар көрсетіледі», - «Республика» партиясы Астана филиалының Әйелдер қанатының орынбасары Тоғжан Балисан.

Форум аясында өтетін панельдік сессияда еліміздің қоғамдық, мәдени және креативті индустрия салаларындағы тұлғалар өз ой-пікірлері мен тәжірибелерімен бөлісті. Олар креативті индустрия, мәдениет, ұлттық құндылықтар, ұлт коды, сондай-ақ дәстүрлі және заманауи қолөнер тақырыптарын талқылады.
Астана қаласы мәслихатының депутаты, Saukele бренді мен Sun Events компаниясының негізін қалаушы Сәуле Сәмидин, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы, қоғам қайраткері Бағила Балтабайқызы, технолог-конструктор, дизайнер, KuDAGI брендінің негізін қалаушы Ғалия Құрманбаевалар ұлттық құндылықтарымызды қазіргі өміріміздің бір бөлшегіне айналдыру үшін қандай әрекеттер жасауға болатынын нақты мысалдармен түсіндірді.