Референдум-2026

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ұстаздар саябағы тазартылды

Бүгін, 11:46
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ұстаздар саябағы тазартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы Ұстаздар саябағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында экологиялық шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Экологиялық шараға қатысқан «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары саябақ аумағын қоқыстан тазартып, арамшөптерді жұлу жұмыстарына атсалысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын дамыту және қала тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару.

Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

«Бүгінгі сенбілікке «Жасыл ел» еңбек жасағының 70-ке жуық белсендісі қатысып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында өткізілуде. Ұстаздар саябағы – аудан тұрғындары жиі келетін қоғамдық демалыс орындарының бірі. Сондықтан мұндай аумақтардың тазалығы тұрғындардың жайлылығы мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Біздің мақсатымыз – саябақты абаттандырумен қатар, жастардың бойында еңбекқорлықты, табиғатқа жанашырлықты және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру», - деді ол.

Шараға қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM School мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы, «Жасыл ел» еңбек жасағының белсендісі Диана Ермағанбет табиғатты қорғау әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.

«Мен «Жасыл ел» жасағында былтыр да еңбек еттім. Табиғатқа және туған қалама пайда тигізгенді ұнатамын. Мұнда жаңа достар тауып, жақсы ұжыммен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Табиғатты таза ұстау – қоқыс тастамаудан басталады. Табиғат та біз сияқты. Көшелердің ластануы оған да зиянын тигізеді. Күн сайын қаланы тазалайтын қызметкерлердің еңбегін бағалап, сейілге шыққанда немесе көшеде жүргенде қоқыс қалдырмауға, айналаны бүлдірмеуге шақырамын», – деді ол. 

Еске салсақ, Астанада тазалық талаптарын бұзғандарға бақылау күшейді.