Астанада «Сарайшық» ауданы ұйымдарының арасында футбол турнирі өтті
Астана қаласы «Сарайшық» ауданында Елорда күніне орай аудандық ұйымдар мен мекемелер арасында футболдан тартысты турнир жалауын желбіретті. Бұқаралық спортты дамыту мен достық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген бұл шараға жалпы саны 10 команда қатысып, бақ сынасты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Астана қаласының аудандарында мемлекеттік мерекелер мен айтулы даталарға орай бұқаралық спортты дамытуға бағытталған түрлі турнирлер өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл жолғы футбол турнирі «Сарайшық» ауданының ұйымдары мен мемлекеттік мекемелері арасындағы байланысты нығайтудың жаңа форматы ретінде бастау алды.

Мерекелік спорттық шараның маңызы туралы Астана қаласы «Сарайшық» ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген мәлімдеді.

«Турнир Елорда күнін лайықты атап өтумен қатар, бұқаралық спортты насихаттау және аудандағы түрлі мекеме қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік рухты нығайтуды көздейді. Жарысқа қатысқан 10 команданың қатарында коммуналдық сала мамандары, білім беру және мәдениет мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері бар.
Бұл турнир биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр, алайда қатысушылар тарапынан сұраныс жоғары болғандықтан, алдағы уақытта оны дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Шұғыла Құдайберген.

Доп додасына қатысушы ұжымдар да өз әсерлерін бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Жарысқа №66 «Толағай» және №67 «Шұғыла» балабақшалары атынан келген дене шынықтыру нұсқаушысы Бағлан Асқаров:
«Командамыздың дайындығы жоғары. Мұндай бұқаралық жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұруы спорт сүйер қауым үшін үлкен қолдау», – деп атап өтті.

Турнирде бақ сынаған келесі бір ұжым — аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы өрт сөндіру мен құтқару қызметкерлері. Басқарма өкілі Марат Нұржан мұндай спорттық іс-шараларға ұдайы қатысып тұратындарын алға тартты.
«Біздің кәсіби қызметіміз әрдайым жоғары физикалық дайындықты талап етеді. Бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Мұндай бастамалардың қызметкерлердің ширақтығын арттыруда пайдасы зор», – деп пікірін білдірді ол.

Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен демеушілер атынан арнайы бағалы сыйлықтар табысталады. Мекемелер арасындағы сұраныстың жоғары болуы бұл турнирдің алдағы жылдары да жалғасын тауып, ауқымының кеңеюіне негіз болмақ.
Автор: Әдемі Сайрамбаева

