Астанада қар күреуге 3 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылды
Астанадағы коммуналдық қызметтер күшейтілген, үздіксіз режимде жұмысын жалғастыруда. Қар күреу жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ауа райының құбылуына байланысты күндіз қалада ауа температурасы плюстік деңгейде сақталып, қар ериді, ал түнде күрт суытып, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарында көктайғақ орнайды.
Айта кетейік, өткен түнде елордада жаңбыр жауған.
«Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде.
Өткен түнде коммуналдық қызметтер қаладан 1 519 рейспен 21 мың текше метрден астам қар шығарды.
15 желтоқсан күні таңертеңгі жағдай бойынша қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 500-ге тарта арнайы техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Қыс мезгілі басталғалы бері қала аумағынан қар полигондарына 44 706 жүк көлігімен 600 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар аула аумақтарының тазалығына ПИК пен МИБ жауапты екенін атап өткен жөн. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлығы үшін қар мен мұзды уақытылы тазалауға міндетті.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Бұған дейін елордада бірінші ауысымның 0-6-сынып оқушылары қашықтан оқитынын жазғанбыз.