Астанада Наурыз мейрамы қалай тойланады
Көктемнің басты мерекесі – Наурыздың келуіне орай Астанада 200-ден астам түрлі бағыттағы іс-шара мен акция өтеді. Дәстүр бойынша Наурызнама мерекелік онкүндігінің әр күні ұлттық құндылықтар мен белгілі бір тақырыпқа арналады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Биыл Наурыз мейрамын атап өтудің ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарының белсенді қолданылуы болмақ. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылуда. Елордадағы мерекелік алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтарына роботтармен, жасанды интеллект мүмкіндіктерінің көрсетілімдерімен және басқа да технологиялық шешімдермен жабдықталған заманауи интерактивті аймақтар ұсынылады. Қала тұрғындары заманауи технологиялардың ұлттық дәстүрлермен қалай үйлесетінін көріп, түрлі цифрлық әрі танымдық белсенділіктерге қатыса алады.
«Наурызнаманың» онкүндігі 14 наурыз күні Көрісу күні – Амал мерекесін атап өтуден басталады. Осы күні елордалық Достық үйінде «Ұлы еліміздің Көрісу күні – Амал мерекесі» атты іс-шара өтеді. Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері «Көрісу» рәсімін өткізіп, амандасу мен татуласуға байланысты ұлттық дәстүрлерді көрсетеді, тағылымды өсиеттерін айтып, бата береді. Сондай-ақ Наурызды қазақ халқының көне мәдени коды әрі шынайы дәстүрі ретінде жан-жақты зерделеуге бағытталған ғылыми-этнографиялық конференция және «Наурыз жылнамасы» көрмесі ұйымдастырылады.
14 наурыз күні сағат 12:00-де «Ататүрік» саябағында елорданың мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарының, білім беру ұйымдарының балалар ұжымдарының және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық мәдени орталықтары ұжымдарының қатысуымен «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ауқымды іс-шара өтеді.
Жеке аймақ ретінде заманауи AI алаңы ұйымдастырылады. Мұнда келушілер жасанды интеллект көмегімен қазақтың ұлттық киіміндегі бейнеде жеке фотосурет жасап, дайын суретті QR-код арқылы жүктей алады.
14 наурыз күні сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында спортшылар, қала тұрғындары мен қонақтары арасында Tartys Fest спорттық ойындар фестивалі өтеді. Бағдарламада арқан тарту, турникке тартылу, қой көтеру, сондай-ақ жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақ ойыны бойынша жарыстар ұйымдастырылады. 18 жастан асқан ниет білдірушілер қатыса алады. Қатысу тегін. Тіркеу жарыс басталар алдында сол жерде жүргізіледі.

Осы күні «Руханият» КММ «Амал келді – жыл келді» мәдени іс-шарасын ұйымдастырады. Бағдарламада Амал мерекесінің салттық элементтері, халықтық дәстүрлер мен фольклор қамтылады.
Елорда мектептерінде «Көрісу дәстүрі» атты амандасу фестивалі өтеді.
Сол күні сағат 12:00-де «Сарыарқа» ауданындағы «Қорғалжын» гүлзарында спорттық-шығармашылық іс-шара ұйымдастырылады. Іс-шара барысында концерттік бағдарлама қойылады.
Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында 14-18 наурыз аралығында халық ертегілерінің желісі бойынша қойылған NAURYZ-2026 атты театрландырылған мерекелік қойылым өтеді.
Сондай-ақ Астанада 14 және 15 наурыз күндері Nauryz Sale ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері өтеді. Жәрмеңкелерде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, шұжық өнімдері, ұн, нан-тоқаш өнімдері, табиғи шырындар, тосап, бал және басқа да азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып ала алады.
Жәрмеңкелер 14 және 15 наурыз күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін мына мекенжайларда өтеді:
• Keryen Joly СҮ (Алаш тасжолы, 35Б);
• Koktal СҮ (Н. Тілендиев даңғылы, 12а);
• «Еуразия» СҮ (Қ. Сәтбаев көшесі);
• «Астаналық базар» СҮ (С. Сейфуллин көшесі, 47);
• Damu Mall СОО (төменгі қабат, Ж. Нәжімеденов көшесі, 26);
• «Шапағат» базары (Бөгенбай батыр даңғылы, 69);
• «Сауран» базары (Алматы көшесі, 3).
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Осы күні қала бойынша «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы өтеді. Оның аясында жалғызбасты зейнеткерлерге, ардагерлерге және мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылады.
«Есіл» ауданындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде «Тілек ағашы – армандар әлемі» орнатылады. Ағашта QR-код орналастырылады: оны сканерлеу арқылы демеушілер Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы балалардың тізімімен таныса алады. Олардың бірін таңдап, баланың арманын орындап, көптен күткен сыйлығын табыстауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бұл акцияға кез келген адам қатысып, балаларға қуаныш сыйлай алады. Бастама балаларға назар, қамқорлық және армандарының орындалатынына сенім сыйлауға бағытталған.
Осы күні «Ассамблея жастары» РҚБ «Тазалық эстафетасы» қайырымдылық акциясын ұйымдастырады. Белсенділер қарт кісілердің үйлерінің аулаларын қардан тазартады.
Сондай-ақ елордалық кәсіпкерлердің «Он игі іс» акциясы өтеді.
«Ізгілік ізі» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға елорданың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылады.
«Нұрлы жүрек» орталығында концерттік бағдарлама өтсе, «Үміт» дағдарыс орталығында «Жақсылық жасау – игі іс» атты қайырымдылық челленджі басталады.
16 наурыз күні «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні атап өтіледі.
Сағат 17:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Мәдениет күні – шынайы дәстүр кеңістігі» атты мерекелік іс-шара өтеді.
Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлттық құндылық – ұлттық болмыс» атты кітап көрмесі ашылады.
16-17 наурыз күндері «Жастар» сарайының концерт залында «Наурыз. Жарық күші» атты театрландырылған музыкалық қойылым өтеді. Басталу уақыттары: 10:00, 12:00 және 14:00.
Бұл күні мемлекеттік және құрылымдық мекемелер арасында дәстүрлі «Армысың, әз Наурыз» байқауы өтеді.
«Руханият» КММ «Салт-дәстүр – ұлт қазынасы» атты ашық сабақ ұйымдастырады.
Сағат 19:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін ұсынады.
16 наурыз күні Damu Mall сауда-ойын-сауық орталығында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері дайындаған ұлттық қолөнер көрмесі ашылады.
Сервис және туризм колледжінде мектеп оқушыларына ұлттық тағамдар дайындау бойынша шеберлік сабағы өтеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ою-өрнекпен қыш бұйымдарын жасау шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. №1 өнер мектебінде «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні!» концерті өтеді. Балалар көркемсурет мектебінде «Туған жерім» атты сәндік-қолданбалы өнер бойынша XXII республикалық байқау ұйымдастырылады. №2 өнер мектебінде «Дәстүрім – асыл қазынам» іс-шарасы өтеді. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында аудан зейнеткерлерінің ұлттық стильдегі қолөнер көрмесі ұйымдастырылады. «Қамқор» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Салт-дәстүр – асыл қазына» танымдық сағаты өтеді.
16-22 наурыз аралығында елорданың тұрғын үй кешендерінің аулаларында МИБ-тер арасында «Ұлыстың ұлы күнінде...» байқауы өткізіледі.
Осы күні «Наурыз жылуы» акциясы аясында «Астана жастары» еріктілері коммуналдық қызмет мамандарына шай мен бауырсақ сыйлап, гүл шоқтарын табыстайды.
17 наурыз – Шаңырақ күні.
Бұл күні Музыкалық жас көрермен театры «Бақытты шаңырақ жыры» атты кешке шақырады. Онда отбасылық жұптар ән айтып, өлең оқиды.
Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында елордалық мектеп оқушылары арасында ауқымды флешмоб және «Алтын асық» ойыны ұйымдастырылады.
С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет «Шаңырақ құру – дәстүр жалғасы» рәсімін көрсетеді, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жас отбасылар арасында «Отбасы – бақыт мекені» ұлттық спорт эстафетасын өткізеді, ал Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы «Ақ бата» байқауын ұйымдастырады.
Шаңырақ күні елордада көпбалалы аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерін табыстау рәсімі өтеді.
Мерекелік бағдарламада ұлттық үлгідегі бесіктерді жаңа туған сәбилерге табыстау, отбасылық өмірінің 50 жылдығын атап өткен жұптарды құттықтау және «Шаңырақ – отбасының берекесі» челленджін өткізу жоспарланған.
18 наурыз – Ұлттық киім күні.
Бұл күні елордалық спорт кешенінде «Ұлы дала үні» шоу-мюзиклі өтеді.
Сағат 13:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Алтын әже» республикалық байқауы ұйымдастырылады.
«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім топтамалары көрсетіліп, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмыстары таныстырылады.
Ұлттық музейде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» іс-шарасы, ал EXPO халықаралық көрме орталығында және MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында «Қазақ халқының ұлттық киімі – ұлттың бет-бейнесі» атты театрландырылған бағдарлама өтеді.
Ұлттық киім күні аясында «Тұрандот» мейрамханасында қонақтарға ұлттық киім киген роботтар қызмет көрсетеді.
Қазақ ұлттық өнер университетінде «Ұлттық киім – ұлт айнасы» шығармашылық іс-шарасы өтеді, Damu Mall сауда-ойын-сауық орталығында ұлттық киім көрмесі ұйымдастырылады, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұлттық киім тігуден шеберлік сабағы өткізіледі. Мерекенің құрметіне 18 наурыз күні елордада «Ұлттық киімдегі бір күн» челленджі басталады.
19 наурыз – Жаңару күні.
Бұл күні Астанада кәсіпкерлер «Жауапты бизнес – жаңарған қала» ұранымен ғимараттар мен нысандарды тазалап, ретке келтіреді.
№2 көпсалалы қалалық ауруханада жаңа туған сәбидің құрметіне отырғызылатын ағаштың орналасқан жері көрсетілген QR-коды бар сертификаттарды табыстау және жаңа туған нәрестелерге цифрлық бесіктерді салтанатты түрде тапсыру іс-шарасы өтеді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында елордалық тұрғын үй кешендерінің аулаларында ауқымды қар тазалау жұмысы жүргізіледі.
Балабақшаларда, мектептерде және жоғары оқу орындарында «Өзіңнен баста» тазалық челленджі басталады.
Жаңару күні аясында аудан мектептерінің оқушылары виртуалды көзілдіріктер арқылы болашақ мамандықтармен танысады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні.
Педагогикалық колледжде студенттер арасында гір көтеру, арқан тарту және қол күресі бойынша ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. «Арғымақ» ат спорты кешенінде теңге ілу, садақ ату, қыз қуу, көкпар, асық ату және құсбегілік бойынша көрсетілімдер ұйымдастырылады.
20 наурыз күні Ұлттық спорт күніне орай QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешенінде «Ұлы дала ойындары» спорттық эстафетасы өтеді. Мұнда жасанды интеллект элементтері қолданылатын спорт түрлері ұсынылады: арқан тартыс, садақ ату, турникке тартылу, қой көтеру, Qumalaq AI.
Сағат 19:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Қажымұқан» спектаклінің премьерасын ұсынады.
Бейбітшілік және келісім сарайында «Наурыз сыйлығы» ұлттық премиясы өтеді.
Сағат 19:00-де «Жастар» сарайының концерт залында «Наурыз нұры» концерті өтеді.
Бұл күні қаланың ашық алаңдарында, мектептерде және басқа да мекемелерде ұлттық спорт түрлерінен түрлі іс-шаралар мен турнирлер ұйымдастырылады.
21 наурыз – Ынтымақ күні.
Достық үйінде «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтеді.
«Наурыз – береке бастауы» концерттік бағдарламалары Қалалық алаңда, «Қазақ елі» монументі аумағында, EXPO аумағында, «Астана Арена» стадионы маңында, Astana Music Hall алаңында және «Ататүрік» саябағында өтеді.
21-22 наурыз күндері «Қазақ елі» алаңында гуманоидты робот пен робот-иттің қатысуымен арнайы көрсетілімдер өтеді.
21-22 наурыз күндері Астананың тұрғын алаптарында дәстүрлі «Наурыз мейрамы» халықтық көңіл көтеру іс-шаралары ұйымдастырылады. Олар «Алматы» ауданында – «Теміржолшылар» тұрғын алабында және «Жерұйық» саябағында; «Нұра» ауданында – «Жағалау» және «Айғыржал» гүлзарларында; «Сарайшық» ауданында – Интернациональный және Промышленный елді мекендерінде; «Байқоңыр» ауданында – Өндіріс және Кірпішті тұрғын алаптарында; «Есіл» ауданында – «Бағыстан» және «Пригородный» тұрғын алаптарында; «Сарыарқа» ауданында – «Наз» би театры алдындағы және «Қорғалжын» гүлзарларында өтеді.
21-23 наурыз аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, ұлттық ойындар мен жарыстар қамтылған Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар өтеді.
Сонымен қатар 20-21 наурыз күндері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың бастамасымен EXPO аумағында ұлттық нақышта заманауи технологияларды қолдана отырып безендірілген киіз үй тігіледі. Киіз үйде LED-экраны бар интерактивті аймақ қарастырылған. Қонақтар робот-ит пен дрон-полицейдің көрсетілімін тамашалай алады. Сондай-ақ заң, құқықтық тәртіп және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталған түрлі интерактивті ойын бағдарламалары мен әлеуметтік акциялар ұйымдастырылады.
Елорда циркі 21 наурыз күні сағат 16:00-де цирк әртістерінің шоу-бағдарламасына шақырады.
21 наурыз күні «Нұра» ауданында «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда UMC (Ана мен бала орталығы) жасанды интеллект арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын диагностикалық жабдық орнатады. Сонымен қатар ауданның жекеменшік мектептері нейрожелілер арқылы қолданылатын фотобудка мен робототехника көрмесін ұйымдастырады.
22 наурыз – Жаңа жылдың басталуы.
Мерекеге орай Қалалық алаңда, «Қазақ елі» монументінің аумағында, EXPO аумағында, «Астана Арена» стадионы маңында, Astana Music Hall алаңында және «Ататүрік» саябағында «Наурыз – береке бастауы» ұранымен концерттік бағдарламалар өтеді.
22-23 наурыз күндері сағат 11:00-ден 18:30-ға дейін EXPO халықаралық көрме орталығы аумағында Наурыз мейрамына арналған жәрмеңке жұмыс істейді.
Сағат 12:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Қош келдің, Әз Наурыз!» концерттік бағдарламасы өтеді.
Наурыз мейрамының негізгі күндері – 21 және 22 наурызда – елорданың алты ауданындағы 30-дан астам алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады:
* қазақ күресі;
* қой көтеру;
* арқан тартыс;
* асық ату;
* қол күрес;
* гір көтеру.
«Қазақ елі» алаңында қала тұрғындары арасында қазақ күресінен жарыс өтеді.
«Наурызнаманың» онкүндігінің соңғы күні – 23 наурыз – Тазару күніне арналады. Қала бойынша «Өзіңнен баста» челленджі басталады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аулаларды қар мен қоқыстан тазарту жұмысы жүргізіліп, бұл жаңа жылды жаңа мақсатта қарсы алудың символына айналады.

Сағат 09:00-де Астанада «Табиғат – адамзаттың алтын бесігі» экологиялық акциясы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар елорда халықаралық «Жер сағаты» экологиялық акциясына қосылып, белгілі бір уақытқа ғимараттардың сыртқы жарықтандыруын өшіреді.