Астанада Namys спорттық сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды
Бүгін, 23 желтоқсан күні, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы жылдың үздіктерін марапаттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты іс-шарада 2025 жылғы спорт саласындағы негізгі бағыттарды қамтитын 14 номинация бойынша Namys спорт сыйлығы табысталды.

Шараның құрметті қонақтары ретінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, ҚР туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан қатысты.

«Елордада тұрақты түрде спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 42%-ды құрайды. Осыған байланысты спорт саласына жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Тек 2025 жылдың өзінде жеке демеушілердің есебінен Sana Sport, QazSwimAcademy, Kodokan Spirit, Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және Ozen Fitness спорт академиясы пайдалануға берілді.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Aulafit, Funny Sport жобалары жүзеге асырылуда. Ал кәсіби спортта елордалық спортшылар 1400-ден астам жарысқа қатысып, 5 мыңға жуық медаль жеңіп алды. Сонымен қатар спортшыларымыз 2026 жылы Милан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алып, қарқынды дайындалып жатыр. Сондай-ақ ұлттық спорт бағытына да мән беріліп, 2026 жылы жаңа спорт мектебін ашу жоспарланған», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан.
Елорданың үздік спортшылары әртүрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды.
Жылдың үздік спортшысы - Санжар Тәшкенбай
50 келідегі Санжар Тәшкенбай - Ливерпуль (Англия) төрінде қарсылас шақ келтірмей, ел тарихында 18 жылдан кейін екі дүркін әлем чемпионы атанған отандасымыз.
Жылдың үздік жаттықтырушысы - Меруерт Балғынбаева
Ол 2025 жылы жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионын және топтық жаттығудан Азия чемпионын даярлады.
Жыл серпіні - Ақмарал Ерекешева
Маусым айында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Болгариядағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева тарихи алтын медальді жеңіп алды.

Жыл серпіні (параспортшы) - Әли Тұрғанбеков
Желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Параойындарында жүзуден сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс медальді мойнына тақты.
Үздік параспортшы - Никита Ермаков
Ол қыркүйек айында параармрестлингтен өткен әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ пара нысана көздеуден қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен әлем Кубогында қола медальді еншіледі.
Паралимпиадалық спорттың үздік жаттықтырушысы - Михаил Бурчалин
Ол параспортшы Никита Ермаков пен Париж Паралимпиадасының қатысушысы Севда Алиеваны жаттықтырады. Пара нысана көздеуден Астана қаласының дамуына үлес қосып жүр.
Ұлттық спорт түрлерінен үздік жаттықтырушы - Нұржан Қонарбаев
Ол 2025 жылғы тоғызқұмалақтан Азия чемпионы мен әлем Кубогының жеңімпаздарын дайындады. Оның жетекшілігімен Қазақстан Республикасының 10 спорт шебері және халықаралық дәрежедегі 4 спорт шебері даярланды.

Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы - Сағындық Әшім (қазақ күресі)
Ол - қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2025 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы.
Жылдың үздік командасы - Астана қаласының №10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің хоккей командасы
Шайбалы хоккейден Jastar Hokei Lygasy-ның 2024/2025 жылғы маусымында «Астана» топ жарып, басты сенсацияның авторы атанды.

Үздік спорттық нысан - Ozen Fitness
Бұл - су спорты түрлерінен Қазақстандағы бірінші спорт академиясы. Қазіргі сәтте 850 бала жаттығады. Осы спорт кешенінде ұлттық және жастар құрамасының мүшелері дайындалады.
Үздік қалалық спорт федерациясы - Гимнастика түрлері бойынша Астана қаласының федерациясы
2025 жылы спорттық, көркем және батуттық гимнастикадан ел ішінде және халықаралық жарыстарда көптеген медальдарды жеңіп алды. Ұлттық құраманың көптеген спортшылары осы жерде жаттығады.

Жылдың үздік спорттық ұйымы - Астана қаласы әкімдігінің Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы
Аталған спорт клубы бүгінгі таңда төрт бағыт бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Клуб құрамына тірек-қимыл аппараты зақымдалған, есту және көру қабілеті төмен, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар кіреді. 2025 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 587 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 7-і Параспартакиадасында 17 спорт түрінен жалпы командалық есепте 1-орын иеленді.
Үздік спорттық телеарна - QAZSPORT теларнасы
QAZSPORT арнасы елімізде кең қанат жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық беделді бәсекелерден тікелей трансляциялар жүргізеді.

Үздік спорттық портал - Elordainfo.kz ақпараттық порталы
Аталған портал елордалық және республикалық деңгейдегі жарыстарды, спортшылардың жарқын жеңістерін, маңызды турнирлер мен чемпионаттар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялайды.
Айта кетейік, жеңімпаздар алғысхаттар мен арнайы естелік сыйлықтарға ие болды.
Кеш барысында елімізге танымал Мархаба Сәби, Дастан Оразбеков, ABYROI тобы сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік көңілкүй сыйлады.
