Астанада тұрғындарға қолайлы болу үшін Мансап орталығы енді үш жерде жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Орталықтар қаланың бірнеше ауданын қамтиды:
- Есіл–Нұра аудандары бойынша Достық даңғылы, 13;
- Сарыарқа–Байқоңыр аудандары бойынша Бейбітшілік көшесі, 9;
- Алматы–Сарайшық аудандары бойынша А. Байтұрсынұлы көшесі, 29/2 ғимаратында қызмет көрсетеді.

Соңғы үш ай ішінде Мансап орталығының жұмыспен қамту шараларына 5160 адам қатысқан, оның 2560-ы — жастар.
Жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы қарастырылған. Бағдарлама аясында ай сайын 130 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Қазіргі таңда 400-ден астам жұмыс беруші 1500 бос жұмыс орнын ұсынып отыр.
Ал 50 жастан асқан азаматтарға «Күміс жас» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл жоба бойынша қатысушылар 3 жылға дейін жұмыспен қамтылып, жалақысының 70%-ына дейін мемлекет тарапынан субсидияланады.
Сонымен қатар, кадр тапшылығын сезінген жұмыс берушілер қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыруға өтінім бере алады.
Бұдан бөлек, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 1900 ұйым тарапынан 5000-нан астам бос жұмыс орны жарияланған.
Еске салайық, HR Enbek порталында еңбек шарттарындағы деректерді түзету функционалы іске қосылды.