Референдум-2026

Астанада Decentrathon 5.0 хакатонының жеңімпаздары «GovTech Camp» инкубация бағдарламасынан өтеді

8 шілде, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Decentrathon 5.0 хакатонының жеңімпаздары «GovTech Camp» инкубация бағдарламасынан өтеді
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Астанада 12-апталық «GovTech Camp» бағдарламасының ресми ашылуы (Opening Day) өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Бағдарламаны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен халықаралық inDrive компаниясымен бірлесіп Blockchain & AI Technology Center (BAITC) іске қосуда. Бастама мемлекеттік сектордың өзекті міндеттерін шешуге бағытталған.

inDrive компаниясы Decentrathon 5.0-де қалыптасқан ынтымақтастық желісін жалғастыра отырып, «GovTech Camp» бағдарламасының бас серіктесі болды. Компания сарапшылары тапсырмаларды қоюдан бастап дайын шешімдерді тексеруге дейін, соның ішінде негізгі тақырыптар бойынша топтық сессиялар мен әр командаға арналған жеке консультацияларды қамти отырып, командаларға бағдарламаның басынан аяғына дейін қолдау көрсететін болады. Бұл inDrive компаниясының Қазақстанның технологиялық экожүйесін дамыту бойынша мемлекетпен жүйелі жұмыс істеу бағытының жалғасы.

Бағдарламаның негізгі кезеңі 6 шілдеден қыркүйек айының ортасына дейін өтеді. Бағдарламаға Decentrathon 5.0 хакатонының inDrive бағыты бойынша іріктелген 40 үздік команда қатысады. 12 апта бойы әзірлеушілер Астанада тұрып, саланың жетекші сарапшыларымен бірлесіп жұмыс істейді.

Қатысушылар inDrive компаниясы, inVision U университеті, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана қаласы әкімдігіне арналған технологиялық шешімдерді әзірлейді.

«Бүгінде мемлекет үшін мықты командалар мен болашағы зор шешімдерді анықтау ғана емес, сонымен қатар олардың мемлекеттік органдар мен ұйымдарда енгізіліп, кеңінен қолданылу деңгейіне дейін жетілдірілуіне қолайлы жағдай жасау ерекше маңызды. Мұндай формат әзірлеушілердің әлеуетін, бизнестің сараптамалық тәжірибесін және мемлекеттік сектордың нақты қажеттіліктерін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту басымдықтарына толық сай келеді, сондай-ақ Қазақстанда қолданбалы инновацияларды енгізудің жаңа мәдениетін қалыптастырады» — деп атап өтті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Бағдарламаның екінші негізгі бағыты inDrive экожүйесі мен inVision U университеті үшін технологиялық шешімдер құру болып табылады. Командалар халықаралық компанияның құрылымында қолдануға болатын жобалармен жұмыс істейтін болады.

«Decentrathon мықты командаларды, қызықты идеялар мен жұмыс гипотезаларын біріктірді. GovTech Camp — осы жұмыстың заңды жалғасы: 12 апта, нақты тапсырыс берушілер және шешімді прототиптен пилотқа дейін жеткізу үшін әдетте елордадан тыс жерде жетіспейтін ортаға қол жеткізу мүмкіндігі. Біздің мақсатымыз — тек жұмыс істейтін өнім жасау ғана емес, сонымен қатар командалардың өсуіне көмектесу. Қатысушыларға вакуумда емес, нақты деректермен, шектеулермен және мемлекеттік құрылымдар мен процестердің логикасымен жұмыс істеуді үйренуге жәрдемдесеміз. Біз өнімдерді дамыту, техникалық сараптама және қолданбалы инновациялар мәдениетін қалыптастыру бағыттарында қолдау көрсетеміз. Бұл тек технологияларға ғана емес, адамдарға жасалған инвестиция», — деп атап өтті inDrive CTO-сы Юрий Мисник.

GovTech Camp аясында жобаларды жан-жақты қолдауға ерекше назар аударылады. Қатысушылар сараптамалық ортаға, менторлық қолдауға, қажетті инфрақұрылымға қол жеткізіп, өз шешімдерін әлеуетті тапсырыс берушілермен тікелей жұмыс істеу арқылы жетілдіру мүмкіндігіне ие болады. Мұндай тәсіл командаларға жобалардың техникалық әлеуетін арттырып қана қоймай, нарықтың, мемлекеттік органдар мен ірі ұйымдардың цифрлық өнімдерді енгізуге қоятын талаптарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Қатысушылар техникалық тапсырмаларды тікелей inDrive компаниясы, inVision U университеті, ҚР ЖИЦДМ және Астана қаласы әкімдігі өкілдерінен алып, жобаларды алғашқы күннен бастап іске асыруға кіріседі.

Бағдарлама қорытындысы бойынша үздік жобалар өз шешімдерін Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум – AI & Digital Bridge 2026 аясында таныстырады. Шара отандық цифрлық технологияларды дамытуға, қысқа мерзімді хакатондар мен жобалық жарыстардан тұрақты технологиялық өнімдерді әзірлеуге көшуге, сондай-ақ Қазақстанның IT-қауымдастығын нығайтуға бағытталған.

Еске салсақ, БАӘ Бас прокуратураның жасанды интеллектті енгізу тәжірибесін жоғары бағалады.