Астанада биыл 173 қоғамдық кеңістік абаттандырылады - Жеңіс Қасымбек

Бүгін, 21:30
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада биыл 173 қоғамдық кеңістік абаттандырылады - Жеңіс Қасымбек
Фото: facebook.com/jenis.qasymbek

Елордада жыл сайын тұрғындардың отбасымен бірге көңілді уақыт өткізуіне, спортпен шұғылдануына, демалуына және әңгіме-дүкен құруына арналған орындар көбейіп келеді. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әкімнің сөзінше, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен абаттандырылған аулалар қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған.

«Биыл Астанада 173 қоғамдық және аула кеңістігін абаттандырамыз. Олардың бірқатарын қазірдің өзінде қолданысқа бердік. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізіледі. Қаланы аралау барысында осындай бірнеше қоғамдық кеңістіктің жай-күйімен таныстым.

Мәселен, Б. Момышұлы даңғылы мен Қ. Сәтбаев көшесінің арасындағы аумақта абаттандырылған жаңа гүлзар салу жұмысы жүріп жатыр. Жоба аясында жаяу жүргіншілер аймағын жасау, аумақты көгалдандыру, заманауи жарықтандыру жүйесін орнату және т.б. қарастырылған. Гүлзардың басты ерекшелігі балалардың көңіл көтеруіне арналған «Айдаһар» ойын алаңы болмақ.

Ақбұлақ және Есіл өзендерінің жағалауында жалпы ұзындығы шамамен 2,5 км болатын аумақ абаттандырылады. Жоба аяқталғаннан кейін жаяу жүргіншілер көпірі, қауіпсіз жолдар, жаңартылған инфрақұрылым және тұрғындардың серуендеуіне әрі демалуына арналған қолайлы, заманауи қоғамдық кеңістік ашылады», деп жазды Қасымбек.

Сол сияқты Б. Момышұлы даңғылының Қ. Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аумағындағы кешенді қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Жобаның негізгі ерекшеліктерінің бірі – даңғыл бойында «жасыл дәліз» қалыптастыру. Бұл аумақта әртүрлі ағаш түрлерінен 915 түп көшет отырғызу және автоматтандырылған суару жүйесі орнату жоспарланған. Жобада сондай-ақ веложол салу, жаяу жүргіншілер жолын кеңейту, кіреберіс аймағын абаттандыру және жаяу серуендеуге арналған заманауи променад ашу көзделген.

«Сонымен қатар, Р. Қошқарбаев даңғылын (Қ. Аманжолов көшесінен Қордай және С. Нұрмағамбетов көшелеріне дейін) абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Р. Қошқарбаев даңғылына балама шығу жолын салу жұмысы басталды. Бұл аталған учаскедегі көлік қозғалысын азайтып, жолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ірі жобалар да жүзеге асырылып жатыр: ұзындығы төрт шақырымға жететін «Мыңжылдық» желілік саябағы, Greenline жаяу жүргіншілер желекжолы (2-кезеңі), Кіші Талдыкөл аумағындағы экопарк және т.б. 

«Мыңжылдық» аллеясы жобасын салу жұмысы Қ. Қуанышбаев атындағы драма театры маңындағы гүлзар мен «Нұрлы жол» вокзалы жанындағы саябақтан тұратын алғашқы екі учаскеден басталды. Міне, осы орындар болашақ желілік саябақтың негізін қалыптастырады. Алдағы уақытта абаттандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп, аллеяның жекелеген бөліктері бір-бірімен сабақтастырылып, тұтас әрі үздіксіз қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасады.

Болашақ экопарк аумағында (Кіші Талдыкөл) түбін тереңдету жұмысы, жағалауын бекіту, аумағын дайындау және т.б. жүргізіліп жатыр», деп хабарлады қала әкімі.

Ол сондай-ақ елордада соңғы жылдары шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттанғанын атап өтті.

Еске салсақ, Астанада демалыс күндері кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.