Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Осыған орай Астана қаласының орталығындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішінің алдына гүл шоқтары қойылып, ұлы ақынға құрмет көрсетілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, зиялы қауым, жастар мен қоғам белсенділері қатысты.

Іс-шара барысында ақынның әндері орындалып, домбырамен күй төгілді. Куә болған жұртшылық бір сәт терең ойға шомып, рухани әсерге бөленді.
«Абай – ұлттың ұлы рухы. Біз тәуелсіз елдің перзенті ретінде оның аманатына адал болуымыз керек. Бүгінгі ұрпақ Абайдың даналығын бойына сіңіріп өссе, келешекке сеніммен қарауға болады. Мұндай шаралар – соның кепілі», – дейді гүл қоюға келген «Байқоңыр» ауданы қарттар ұйымының төрағасы Қуаныш Намазшамұлы.

Еске сала кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді. Білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда 140-тан астам түрлі шара ұйымдастырылды.
Шапағат ӘБДІР