Astana Media Week-2025 апталығының соңғы күнінде жыл бойы коммуникация саласы бойынша жоғары кәсібилік пен нәтижелі жұмыс көрсеткен баспасөз қызметтерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Үздік баспасөз қызметі» атағы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне берілді. Ал «Үздік баспасөз хатшысы» марапатына Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ие болды.

Биыл марапаттау бағдарламасына екі арнайы номинация қосылды. «Заң және тәртіп» арнайы сыйлығы құқықтық процестерді жүйелі түрде жариялап, БАҚ-пен тығыз байланыс орнатқаны үшін Бас прокуратураның баспасөз қызметіне табысталды. Ал «Ұлтқа қызмет» арнайы сыйлығына Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Динара Нұрғалиева лайық деп танылды.

Марапаттау рәсімінен бөлек, қатысушыларға медиа тренерлер мен сала сарапшыларының шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Кездесулер барысында журналистік материалдарды сауатты ұсыну, data-журналистика мен аналитика құралдарын қолдану, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің имиджі мен беделін қалыптастырудың заманауи тәсілдері талқыланды.
Astana Media Week – медиаиндустрия, мемлекеттік органдар мен коммуникация саласының кәсіби мамандарын біріктіретін маңызды іс-шара. Іс-шара «Үркер» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімімен қорытындыланады.