Референдум-2026

Астана күні: елордадағы мерекелік шаралар бір аптаға ұласты

Бүгін, 14:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана күні: елордадағы мерекелік шаралар бір аптаға ұласты
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана күніне арналған мерекелік бағдарламалар биыл бір күнмен шектелмей, 2-11 шілде аралығын қамтиды. Осы уақыт ішінде елордада экологиялық акциялар, спорттық жарыстар, мәдени фестивальдер, концерттер, жаңа қоғамдық кеңістіктердің ашылуы мен отбасылық жобалар ұйымдастырылды. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі мерекелік аптаның ең маңызды оқиғаларына шолу жасап шықты.

Мерекелік апталық 2 шілдеде «TAZA FEST ASTANA» экологиялық фестивалімен басталды. Сонымен қатар «Астана тазалық» ЖШС ұйымдастырған «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда әріптесіміз Elordainfo.kz тілшісі Нұрдәулет Кәкіш «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша І орын иеленсе, «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Юлия Мендецкая ІІ орынға, «Astana aqshamy» газетінің журналисі Төлен Тілеубай арнайы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 200-ден астам жасы қатысқан патриоттық флешмоб ұйымдастырылып, «Астана» жазуын бейнелеп сап түзеді.

3 шілдеде «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығында оқушылар арасында дәстүрлі «Халық добы» сайысы өтті. Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Астана – шабыт мекені» жас фотографтар байқауының жеңімпаздары марапатталса, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда республикалық «Байрағы биік байтағым» мүшәйрасының қорытындысы жарияланды. Сонымен бірге Ұлттық музейде «Менің Астанам – менің отбасым» онлайн-байқауының жеңімпаздары марапатталды. Осы күні Астана күніне арналған дәстүрлі журналистер байқауының қорытындысы шығарылып, «Елорда инфо» тілшісі Салтанат Жақыпова мен «Астана ақшамы» газетінің өкілдері жүлдегер атанды.

4 шілдеде Орталық саябақта балаларға арналған KIDS RUN жарысы ұйымдастырылды. «Аспан» спорт кешенінде асық атудан Қазақстан Республикасының XII командалық чемпионаты басталды. Сонымен қатар қала тұрғындары «Мерекелік саябақ» фестивалі мен скейтбординг, BMX, воркаут және басқа да көше спорттарын қамтыған Urban Fest жастар фестивалін тамашалады.

5 шілдеде Астана күніне арналған әрі «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясындағы Saryarqa Run бұқаралық жүгірісіне 1800-ге жуық адам қатысты. №2 өнер мектебінің оқушылары «Астана» әнін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ №1 Индустриялық парк аумағында үш жаңа өндіріс орны іске қосылды.

6 шілде – Астана күні мерекесінің негізгі шаралары өтті. «Астана Арена» стадионы мен «Қазақ елі» монументі алаңында ұйымдастырылған ауқымды Open Air концерттеріне 100 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Осыған байланысты қоғамдық көлік жұмысы күшейтіліп, қосымша 60 автобус желіге шығарылды.

Мереке күні «Алматы» ауданында жаңа саябақ пайдалануға берілсе, Сарыарқа және Сарайшық аудандарында жаңа абаттандырылған аулалар ашылды. Қалалық Достық үйі алаңында «Өнермен нұрланған асқақ Астана» фестивалі, «Жерұйық» және «Жағалау» саябақтарында концерттер өтті. Барлық алты ауданның тұрғын алаптарында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Сонымен бірге «Ғашықтар» аллеясында «Астана сақасы» турнирі өтіп, оған 100-ден астам қатысушы қатысты. «Таза сана – таза қала» экологиялық викторинасы ұйымдастырылып, ашық аспан астындағы кинотеатрлар, экоалаңдар мен шығармашылық шеберлік сабақтары жұмыс істеді. Дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналды.

Мереке күні елордада 24 сәби дүниеге келсе, республика бойынша Астана күнінде 448 нәресте өмір есігін ашты.

Астана күніне арналған мәдени бағдарлама мұнымен аяқталған жоқ.

7 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында «Жайдарман» жастар фестивалі, ал Амфитеатр сахнасында «Астана – арман қала» концерті өтеді.

8 шілдеде Ұлттық академиялық кітапханада «Қаламгер ұстаханасы» әдеби алаңы жалғасып, кешке Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда композитор әрі домбырашы Бауыржан Мақаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» музыкалық кеші ұйымдастырылады.

11 шілдеде «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары марапатталады.

Ал 11-12 шілде күндері «Қазанат» ипподромында ұлттық тағамдарға арналған BaiQymyz – бапталған қымыз халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді. Оған Қазақстан өңірлерімен қатар Қырғызстан мен Ресейдің (Якутия) қымыз өндірушілері қатысады.

Бұдан бөлек, мерекелік бағдарлама аясында Төреғали Төреәлі, Мақпал Жүнісова, «Жігіттер» тобының концерттері, «Piano Stories. Шопеннен Прокофьевке дейін» музыкалық кеші, «Астана Опера» театрындағы халықаралық «Дон Карлос» фестивалі және «Шаншар» театрының жаңа бағдарламасы көрермен назарына ұсынылады.

Осылайша, биылғы Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама экологиялық акциялардан бастап халықаралық фестивальдерге дейінгі жүздеген іс-шараны қамтып, қала тұрғындары мен қонақтарына бірнеше күнге созылған ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.