Астана әуежайы күзгі-қысқы маусымға дайындықты күшейтті

Бүгін, 15:45
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана әуежайы күзгі-қысқы маусымға дайындықты күшейтті
Фото: Астана халықаралық әуежайы

Астана халықаралық әуежайында алдағы күзгі-қысқы маусымға кешенді дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Негізгі назар төмен температура, қалың қар, көктайғақ пен қатты жел жағдайында қызметкерлер мен арнайы техниканың үздіксіз жұмыс істеуіне аударылған. Маусымға дайындық аясында әуежайдың арнайы техника паркі FMC Tempest-i мұздануға қарсы екі жаңа машинамен толықты. Жаңа техника әуе кемелерін желдің жылдамдығы 20 м/с-қа дейін жеткен жағдайда да өңдеуге мүмкіндік береді.

«Қысқы маусымға әзірлік қауіпсіз ұшуды және күрделі ауа райы жағдайында әуежайдың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қамтиды. Бұл ретте мамандардың дайындығына ерекше мән беріледі. Қызметкерлер төмен температурада, қар жауып, мұз қатқан кезде жұмыс істеу тәртібі бойынша маусымдық нұсқамалардан және арнайы оқытудан өтеді. Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылым мен арнайы техниканың қысқы жағдайдағы жұмысқа әзірлігі тексеріледі. Күрделі метеорологиялық жағдайда қызметкерлердің іс-қимыл тәртібін айқындайтын технологиялық карталар, регламенттер мен нұсқаулықтар, сондай-ақ SAE International стандарттары қайта қаралып, жаңартылады», - делінген хабарламада.

Әуежайдың техникалық мүмкіндігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі - FMC Tempest-i мұздануға қарсы екі жаңа машинаның жеткізілуі. Бұл техника ұшар алдында әуе кемесінің бетіндегі қар мен мұзды тазартуға және қайта мұз басудың алдын алуға арналған арнайы сұйықтықтармен өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта жаңа машиналарды пайдалана отырып, әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу бойынша оқу-жаттығу жұмыстары өткізіліп жатыр.

Tempest-i мұздануға қарсы сұйықтықты қыздыру және шашу жүйесімен, көтергіш жебемен, автоматтандырылған басқару және кіріктірілген қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Жабық кабина операторды жел мен жауын-шашыннан қорғайды, жұмыс аумағын толық бақылауға мүмкіндік береді және қолайсыз ауа райында тиімді жұмыс істеуге жағдай жасайды.

Жаңа техниканың басты артықшылықтарының бірі - әуе кемелерін жел жылдамдығы 20 м/с-қа дейін жеткен кезде де мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігі. Бұған дейін пайдаланылған машиналарда бұл көрсеткіш 15 м/с-қа дейін болатын. Қысы қатты жел, төмен температура және боранмен ерекшеленетін Астана үшін техниканың осындай ауа райында жұмыс істей алу мүмкіндігінің артуы айрықша маңызды.

Жаңа машиналар қалың қар, мұз қату және қатты жел кезінде әуе кемелеріне жерүсті қызметін көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, қысқы маусымдағы жүктеме артқан кезеңдерде әуежай қызметтерінің дайындығын күшейтеді.

«Астана халықаралық әуежайында күзгі-қысқы кезеңге дайындық жыл сайын кешенді түрде жүргізіледі. Қыс мезгілінде тиісті қызметтер аэродромдық техниканың тәулік бойы жұмысқа әзірлігін қамтамасыз етеді, аэродром жабындарын қар мен мұздан тазартады, әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдейді және рейстердің қауіпсіз әрі үздіксіз орындалуына қажетті өзге де технологиялық жұмыстарды атқарады», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Қазақстаннан Сингапурға әуе рейсі ашылады.