Референдум-2026

Ақтөбеде шаруа қожалығы аумағынан 500-ден астам түп қарасора өсірілген алқап анықталды

Бүгін, 12:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде шаруа қожалығы аумағынан 500-ден астам түп қарасора өсірілген алқап анықталды
Фото: видеодан скриншот/Ақтөбе ПД

Ақтөбе облысында «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тінту барысында жеке тұрғын үйдің ауласынан 500-ден астам түп қарасора табылды. Сонымен қатар, ақшалай қаражат, кептірілген қарасора сабағы және өсімдік тектес зат салынған қағаз орама тәркіленді.

Бұдан бөлек, шаруа қожалығының аумағындағы сарайды тексеру кезінде полицейлер 12 калибрлі тіркелмеген қос ұңғылы аңшы мылтығын және 49 дана оқ-дәріні анықтап, тәркіледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 49 жастағы үй иесі қарасораны жеке тұтыну мақсатында пайдаланғанын айтқан. Оның сөзінше, тәркіленген аңшы мылтығы өзіне марқұм атасынан қалған.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ұсталған кезде ер адам есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.

Аталған факті бойынша құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар, күдіктінің әрекетіне қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша да құқықтық баға берілетін болады.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында полиция автоматтандырылған есірткі зертханасын жойған болатын.