Маңғыстауда көлік жолаушысынан 136 келі бекіре тұқымдас балық табылды

Маңғыстауда көлік жолаушысынан 136 келі бекіре тұқымдас балық табылды
Фото: ІІМ

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында полиция қызметкерлері автокөліктен бекіре тұқымдас балықтарға ұқсас 22 балық тапты. Олардың жалпы салмағы 136 келіден асады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Профилактикалық шаралар барысында полиция қызметкерлері басқа құқық қорғау және уәкілетті органдардың өкілдерімен бірлесіп, Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатқан.

Көліктің жүк салғышын тексеру кезінде бекіре тұқымдас балықтарға ұқсас 22 балық табылып, тәркіленді. Олардың жалпы салмағы 136,15 келіні құрады.

Полиция мәліметінше, балықтар автокөлікте отырған 55 жастағы әйел жолаушыға тиесілі болған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта тәркіленген балықтың шығу тегі мен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ІІМ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Еске салсақ, бұған дейін Жетісуда заңсыз ауланған 127 келі балықтың арасынан бекіре табылған еді.