Ақтөбеде электрлі мопед ұрлаған 50 жастағы күдікті ұсталды
Ақтөбеде полицейлер көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде жасалған электрлі мопед ұрлығын ашты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, түнгі уақытта тұрғын үй кіреберісінде қараусыз қалған электрлі мопед ұрланған. Иесіне келтірілген материалдық шығын көлемі 150 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері аталған қылмысқа күдікті ретінде 51 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Ұрланған электрлі мопед тәркіленді.
«Аталған факті бойынша «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - делінген хабарламада.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарға мүліктік қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Велосипедтерді, электрлі мопедтерді және өзге де бағалы заттарды подъездерде немесе аула аумақтарында қараусыз қалдырмаңыз. Ұрлыққа қарсы сенімді құрылғыларды пайдаланып, мүмкіндігінше мүлікті жабық әрі қауіпсіз орындарда сақтаған жөн.
Қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттер орын алған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласуды сұраймыз.