Облыстың бірнеше қаласында медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайту мақсатында дәрігерлерге ЖИ-ассистент қолғабыс болып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"Жалпы 43 жаңа нысан салынды, оның ішінде 38-і «Ауылда денсаулық сақтауды жанғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұл нысандар 130 мың ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Көкшетау қаласында 630 орынға арналған жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Аурухана Қазақстанда баламасы жоқ халықаралық деңгейдегі клиникаға айналады. Ол жерде солтүстік өңір тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Қосшы қаласында 1 мың адамға арналған емханасы бар көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталып қалды. Келесі жылы қаңтарда алғашқы науқастарды қабылдай бастайды", — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп бере тұрып.
Облыс басшысының мәліметінше, оған қоса 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қосшыда 350 төсек-орындық аурухана ашылады деп жоспарланып отыр.
"Аурухана Қосшы қаласы мен облыстың жеті жақын аудан тұрғындарын емдейді. Ол жерде 1700 жұмыс орны құрылады. Одан бөлек, биыл қыркүйекте Степняк қаласында медициналық кешеннің құрылысы аяқталды, кешен 200 науқасқа дейін қабылдай алады, яғни 45 төсек-орын бар", — дейді ол.
Сондай-ақ әкім денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект жүйесі енгізіліп жатқанын тілге тиек етті.