Алматыдан Сианьға алғашқы тікелей әуе рейсі ашылды
Отандық лоукостер – FlyArystan әуе компаниясы Қытайдың Сиань қаласына алғашқы жолаушыларын тасымалдады. Бұл – екі қала арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсі, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
FlyArystan әуе кемесін Сиань Сяньян Халықаралық әуежайында авиациялық дәстүрге сай су бұрқамасымен қарсы алды.
Алматы – Сиань бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Алматыдан ұшу уақыты – 21:25, ал Сианьға келу уақыты – келесі күні жергілікті уақыт бойынша 04:50. Кері бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері орындалып, Алматыға сағат 08:20-да келіп қонады. Ұшу ұзақтығы Сиань бағытына – 4 сағат 25 минут, ал кері бағытта – 5 сағат 30 минутты құрайды.
«Жаңа бағытты Алматы тұрғындарымен қатар Астана, Шымкент, Қарағанды, Түркістан, Семей және әуекомпанияның бағыттар желісіне кіретін басқа да қалалардың жолаушылары Алматы арқылы ыңғайлы түйісу рейстері арқылы пайдалана алады. Кері бағытта Сиань қаласынан Алматы арқылы Астана, Орал, Семей және Қарағанды қалаларына қолайлы түйісетін рейстер қолжетімді. Бағытқа байланысты күту уақыты 2 сағаттан 6 сағатқа дейін созылады», – делінген компанияның хабарламасында.