Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФМШ) 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына сілтеме жасап.
Аурухана мәліметінше, балалар 12-13 қазан аралығында медициналық мекемеге жеткізілген. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Сонымен қатар интернатта тағы 8 оқушы оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір мамандар тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алды. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында», – деп хабарлады аурухана.
Бұған дейін әлеуметтік желіде оқушылардың ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған болатын. Оқушылардың туыстарының бірі Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында балалардың жаппай ауруханаға түскенін айтып, жағдайға қатысты ресми ақпараттың жоқтығына наразылық білдірген.
Оқиғаның нақты себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі туралы ақпарат күтіледі.