Абылайхан Жүсіпов: Астанадағы жайлы залды тастап, жертөледе жаттықтым
Қытайдағы Әлем кубогының жеңімпазы Абылайхан Жүсіпов Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында мансабындағы өзгерістер, тәжірибенің маңызы, оқу-жаттығу жиындары, жас боксшылардың дамуы және алдағы мақсаттары туралы ой бөлісті.
- Абылайхан, Әлем кубогындағы жеңісіңізбен құттықтаймын. Сырт көзбен қарағанда, қарсыластарыңызбен 2 раунд ішінде жеңімпаз тағдырын шешіп, 3 раундта барынша басымдығыңызды ұстауға тырыстыңыз. Расында да сізге лайықты қарсылық көрсеткен қарсылас болмады ма? Қай жекпе-жек қиынға түсті деп айта аласыз?
- Әлем кубогы жеңіл өтті. Жарысқа жақсы бабымда бардым. Қарсыластарым да мықты болды. Турнир барысында Әлем кубогының финалисі Кайан Рейес (Бразилия), Өзбекстанмен дерби, Азия чемпионы Зейад Ишаиш (Иордания) және финалда біраз фавориттерді жарыстан шығарған Дипактан (Үндістан) басым түстім. Жеңіске жетуіме биыл өткен 3 оқу-жаттығу жиыны, бапкерлерімнің ақыл-кеңесі үлкен үлес қосты.
- Сіз ұлттық құрама сапында ардагер боксшылардың бірісіз ғой. Бірақ 2026 жылы сіздер жарты жылдың ішінде 3 оқу-жаттығу жиынын өткізіп үлгердіңіздер. Оқу-жаттығу жиынының көп болуы қалыпты құбылыс па? Спортшылардың физикалық жай-күйіне кері әсерін тигізбей ме?
- Оқу-жаттығу жиынының өткені жақсы болды деп есептеймін. Өзге елдің боксшыларымен жаттығу арқылы техникалық шеберлігімізді, физикалық дайындығымызды одан әрі жетілдірдік. Менен бөлек, жас боксшылар да деңгейі жоғарлап жатыр. Өздеріңіз білетіндей, мықты қарсыластар болғанда ғана спортшы өз қателігін байқап, өзіне деген талапты күшейтеді.
- Сіз кейінгі 2 жылдың ішінде өзіңіз қатысқан барлық дерлік ірі жарыстарда жеңіске жеттіңіз. Өзіңіздің қазіргі деңгейіңізді мансабыңыздағы ең мықты кезең деп санайсыз ба?
- Иә, 2024 жылдан бері мансабымда алғаш рет Әлем чемпионы және Азия чемпионы атандым. Енді Әлем кубогының кезеңінде топ жарып жатырмын. Деңгейімді жақсы деп бағалаймын. Негізі көп дүние тәжірибемен келді. Рио мен Токио Олимпиадасына қатыстым. Бірнеше Әлем мен Азия чемпионатында жүлдеге ие болдым. Кәсіпқой бокста да өз тәжірибе жинадым. Осының барлығы бүгінгі жеңісіме әсері бар.
- 2016-2021 жылдардағы Абылайхан мен 2024 жылдағы Абылайханның қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз? Егер қазіргі тәжірибеңізбен спорттағы алғашқы күніңізге қайта орала алсаңыз, өзіңізге қандай кеңес берер едіңіз?
- Басты айырмашылық – тәжірибеде ғана деп ойлаймын. Боксқа деген көзқарасым өзгерді. Жекпе-жек алдында қобалжымай, салқынқанды шығамын. Басқа еш айырмашылық жоқ. Өткеніме өкінбеймін. Сол сәтке оралсам, бәрібір де осы жолмен өтуге тура келер еді.
- Бірақ бізге қызығы, сіз неге жеке бапкер ретінде Александр Насибулинге таңдауыңыз түсті? Ол кісінің бойында қандай ерекшелікті айтып өтер едіңіз?
- Александр Насибулин жас бапкерлердің бірі. Оның жұмыс істеу стилі ұнайды. Өзіндік мақсаты бар. Ең басты ерекшелігі – боксқа аш. Өсетін деңгейі бар. Сол бапкермен бірге болу – менің шеберлігімді арттырады деп сендім. Әйтсе де бұған дейінгі бапкерлерімнен де хабарласып тұрамын.
- Біздің естуімізше, 2025 жылы әлем чемпионатының алдында сіз Астанадағы жайлы ортаңызды тастап, арнайы Шахтинскте 3 ай бойы жертөледе жаттықтыңыз. Сол сәтті еске түсіре аласыз ба? Спортшы жетістікке жету үшін, кез келген жағдайға дайын болуы керек пе?
- 2025 жылы Қазақстан чемпионаты мен Әлем чемпионатының алдында Астанадағы жайлы жаттығу залын тастап, арнайы Шахтинскке бардым. Дайындығым нәтижелі болды. Жертөледе жаттығу – мінезді шыңдап, назарды өзге жаққа бұрмауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қос жарыста да алтын медальді мойыныма тақтым.
- Сіз қазір үнемі Сабыржан Аққалықовпен бірге жүріп, дайындалып жатасыздар ғой. екеуіңіздің бірге дайындалып жатқандарыңызға көп уақыт болды ма? Сіздің Сабыржанның қасында болуыңыз, оның спортшы ретінде тұрақты жетістікке жетуіне де өз әсерін тигізген секілді?
- 2018 жылдан бері Сабыржанмен жақсы араласамыз. Одан бөлек, салмағымыз да шамалас. Жаттығу кезінде бірге дайындалып, одан сайын қарқынымызды арттыруға мүмкіндік бар. Өзара қолдаудың арқасында жетістіктерге ақырындап жетіп келеміз.
- Абылайхан дегенде сізді тәртіпті қатаң ұстанатын спортшы деп ойлаймыз. Ұлттық құрама сапында сіз секілді диета, ұйқы, тұрақтылықты ұстанатын боксшылар көп пе? Кімдерді атай алар едіңіз?
- Ұлттық құрамада барлығы дерлік ересек боксшылар ғой. Осы спортта не үшін жүргендерін біледі. Олар үлкен спортты таңдағандықтан, өмірдегі көп дүниені ысырып тастап, аянбай жаттығу жасап жүр.
- Спортшы жылдың басым бөлігінде оқу-жаттығу мен жарыстарда жүреді. Ал отбасы мен спортты қатар алып жүру қаншалықты қиын? Отбасыңыз да жеңіске жетуіңізге үлкен әсерін тигізген шығар?
- Расымен, уақытымыздың көп бөлігі түзде өтеді. Отбасымыздағы түсіністіктің арқасында бокста белестерді бағындырып жатырмын. Отбасым жайлы болса, өз ісіңде де алаңдамайсың. Алғысым шексіз. Жеңсек те, жеңілсек те, бірінші кезекте отбасымыз жанымыздан табылады ғой. Спортшылар, бапкерлердің барлығы сол түсіністіктің арқасында өз ісінде алға жылжып жатыр.
- Сұхбатыңызға рахмат!