1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталады

1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана мектептерінің бірінші сыныптарына құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 2026 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылында 34 мыңнан астам баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Өткен жылы елорда мектептеріне 32 631 бала қабылданған.

Бірінші сыныпқа алты жасқа толған немесе биыл алты жасқа толатын балалар қабылданады. Құжаттар eGov.kz арқылы OQU платформасында электронды форматта тапсырылады.

Қабылдау үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, №065/у және №052-2/у медициналық анықтамалары, сондай-ақ баланың 3×4 фотосуреті қажет.

Әр мектепте ата-аналарға кеңес беретін арнайы қабылдау комиссиялары құрылған. Сонымен қатар білім беру ұйымдары заңда көрсетілмеген қосымша құжаттарды талап етуге құқылы емес екені аталып өтті.

Бұған дейін Астанада оқу жылының қорытындысы мен балалар қауіпсіздігі пысықталғанын жазған едік.