Жыл басынан бері ҚТЖ желісінде 130 млн тоннадан астам жүк тасымалданды

Бүгін, 14:34
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жыл басынан бері ҚТЖ желісінде 130 млн тоннадан астам жүк тасымалданды

2026 жылғы қаңтар-мамыр қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісінде жүк тасымалдау көлемі 131 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% өсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның ішінде республикаішілік тасымалдар 68 млн тоннаға жетті, экспорттық тасымалдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2% өсіп, 38,2 млн тоннаны құрады.

Есепті кезеңде ҚТЖ-ның бүкіл желісі бойынша 43,3 млн тонна тас көмір тасымалданды, бұл 2025 жылғы қаңтар – мамыр көрсеткішінен 3% артық. Жалпы көлемнің 29,8 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға бағытталса, бұл өткен жылғы деңгейден 2% артық. Экспортқа 13 млн тонна көмір жөнелтілді, өсім 7% құрады.

Астық тасымалдауда оң қарқын байқалды. 2026 жылдың бес айында 6,3 млн тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% артық. Астық экспорты 11% өсіп, 4,9 млн тоннаға жетті. Экспорттық қатынаста ұнтақ өнімдерін тасымалдау көлемі 18% ұлғайып, 1 млн тоннаны құрады.

Ағымдағы жылдың қаңтар – мамыр айларында ҚТЖ желісі бойынша түсті кен тасымалы 8,6 млн тоннаны, құрылыс материалдары 7,1 млн тоннаны құрады.

Жүктердің бірқатар негізгі номенклатуралары бойынша өсім тіркелді: 12,1 млн тонна мұнай жүктері (+4,3%), 6,8 млн тонна қара металдар (+11,4%), 9,5 млн тонна темір рудасы (+13,3%) тасымалданды.

Жүк тасымалының тұрақты оң қарқыны теміржол көлігі қызметтеріне жоғары сұраныстың сақталуын және ел экономикасы мен отандық өнімді экспорттық жеткізуді сенімді көліктік қамтамасыз ететіндігін айғақтайды. 

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі 9,3%-ға ұлғайғаны туралы жаздық.