Жаңа саябақтар, гүлзарлар мен жағалаулар: Астана келбеті қалай өзгеріп жатыр

Жаңа саябақтар, гүлзарлар мен жағалаулар: Астана келбеті қалай өзгеріп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Астанада тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл елорданың алты ауданында 173 нысанды абаттандыру жоспарланған. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жағалаулар мен жаяу жүргіншілер аймақтары бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жобаларды іске асыру кезінде көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға, отбасылық демалыс пен спортқа арналған орындар құруға басымдық беріліп отыр. Нысандардың басым бөлігі қазірдің өзінде тұрғындар игілігіне берілді.

«Мыңжылдық» аллеясы жаңарып жатыр

Елордадағы ірі жобалардың бірі – «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру. Мұнда жеңіл тұман әсерін беретін «Шоқжұлдыз» субұрқағы іске қосылды. Қазір нысан сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Мамандар инженерлік жүйелерін тексеріп, ретке келтіруде. Субұрқақты толық іске қосу тамыз айының соңына жоспарланған.

Аллеядағы жұмыстар екі аумақта жүргізіліп жатыр. Оның бірі – Қ. Қуанышбаев атындағы драма театрының жанындағы гүлзар, екіншісі – «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы саябақ аумағы.

Театрдың артындағы шамамен 1,4 гектар аумақта жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Мұнда серуендеу, велосипед тебу және жүгіру жолдары, балалар алаңы, демалыс орындары мен жасыл желек аймақтары қарастырылған.

Аумаққа ағаштар, бұталар, көпжылдық гүлдер мен сәндік шөптер отырғызылады. Аллея бойына ұсақ жапырақты жөке ағаштары егіледі.

«Самал» саябағы жаңа қоғамдық кеңістікке айналды

Қаладағы өзгерістердің тағы бір мысалы – «Самал» саябағы. Әл-Фараби даңғылы, Керей және Жәнібек хандар мен Бұқар жырау көшелері аумағында жаңадан ашылған екі қоғамдық кеңістік біртұтас саябақтар кешеніне біріктірілді.

Мұнда серуендеу жолдары, демалыс орындары, заманауи ойын алаңдары, тоған, көпірлер және көрініс тамашалайтын алаңдар бар.

Бұған дейін адам көп жиналатын базар мен «Астаналық» («Артем») сауда үйі маңындағы аумақтың да келбеті өзгерді. Ескі нысандар сүріліп, олардың орнына ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылған, серуендеу жолдары мен демалыс орындары бар абаттандырылған кеңістік жасалды.

Астанада жаңа саябақтар мен гүлзарлар пайда болады

Б. Момышұлы даңғылы мен Қ. Сәтбаев көшесі аралығында жаңа гүлзар абаттандырылып жатыр. Мұнда жаяу жүргіншілер аймақтары, заманауи жарықтандыру және көгалдандырылған аумақтар пайда болады. Балаларға арналған «Айдаһар» ойын кешені кеңістіктің негізгі ерекшеліктерінің бірі болмақ.

Ақбұлақ пен Есіл өзендері бойындағы ұзындығы шамамен 2,5 шақырым аумақты да абаттандыру жоспарланған. Жоба аясында жаяу жүргіншілер көпірі салынып, қауіпсіз бағыттар мен демалыс орындары бар заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылады.

Б. Момышұлы даңғылының Қ. Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі бөлігінде де кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда «жасыл дәліз» пайда болады. Даңғыл бойына түрлі тұқымды 915 ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Сондай-ақ велосипед жолы, кеңейтілген тротуарлар және жаяу жүргіншілерге арналған серуендеу жолдары қарастырылған.

Р. Қошқарбаев даңғылының бір бөлігінде де абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда жаңа жол жасалып, көлік ағынын азайту және жолдың өткізу қабілетін арттыру көзделген.

GreenLine мен Кіші Талдыкөлдегі жұмыстар жалғасып жатыр

Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аумақта GreenLine желілік саябағының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Мұнда серуендеу бағыттары, демалыс орындары, спорт инфрақұрылымы мен жасыл аймақтар пайда болады.

Кіші Талдыкөл аумағында экосаябақ құру жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір су түбін тереңдету, жағалауды бекіту және аумақты дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның негізгі мақсаты – табиғи ландшафт пен экожүйені сақтай отырып, тұрғындарға демалуға қолайлы рекреациялық кеңістік қалыптастыру.

Сонымен қатар Мәңгілік Ел даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңі аясында көгалдандыру және жаяу жүргіншілер аймақтарын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бейбітшілік және келісім саябағының екінші кезегінде де серуендеуге және тынығуға арналған классикалық үлгідегі жаңа бақ қалыптасуда.

Аулалар да жаңарып келеді

Елордадағы абаттандырудың маңызды бағыттарының бірі – аулаларды жаңарту.

Астанада бірнеше жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында тұрғындар өз аулаларын дамытуға арналған жобаларды ұсынып, қандай нысандар қажет екенін анықтауға қатысады.

Биыл елорданың барлық алты ауданында жоба аясында іске асыруға мақұлданған өтінімдер анықталды. Жаңартылған аулалардың басым бөлігі тұрғындарға пайдалануға берілді.

Жалпы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы Астанада 60-тан астам аула абаттандырылды. Мұнда балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары, жарықтандыру жүйелері орнатылып, қосымша көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Жыл өткен сайын елордада отбасымен уақыт өткізуге, спортпен шұғылдануға және демалуға арналған қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді. Жаңа саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, жағалаулар мен абаттандырылған аулалар қаланың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық инфрақұрылымды дамыту, Астананы абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Соңғы жылдары елордада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.

Бұдан бұрын шетелдік баспасөз Астана туралы не жазып жатқанынан хабардар еткен болатынбыз.