Жаңа оқу жылы қарсаңында ІІМ ата-аналар мен ұстаздарға үндеу жолдады

Бүгін, 11:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жаңа оқу жылы қарсаңында ІІМ ата-аналар мен ұстаздарға үндеу жолдады
фото: polisia.kz

ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында барша ата-анаға, оқушылар мен ұстаздарға үндеу жолдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқу жылы басталғанда балалар үйден тыс жерде көбірек уақыт өткізеді. Мектепке өздері барып-қайтады, түрлі үйірме мен секцияға қатысады. Сондықтан ІІМ жолдағы қауіпсіздік ережесін тағы да еске салады. Жаңа оқу жылына барлық мектептің маңындағы жол қауіпсіздігіне бағытталған жұмыс жүргізілді.

«Балаларды тасымалдайтын автобустар да толық тексеруден өтті. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқама берілді. Олар оқу жылы басталғанға дейін жойылады», - делінген хабарламада. 

ІІМ ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Балаларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту, жолдан өтер кезде телефонды пайдаланбау және құлаққапты шешу, айналаға мұқият қарау қажеттігін ескертеді. Велосипед, мопед немесе электросамокат мінген кезде Жолда жүру қағидаларын сақтау маңызды.

Ата-аналарға баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын біліп жүру және балалармен жиі сөйлесу ұсынылды. Егер балаға қауіп төніп тұрса, 102 нөміріне немесе 111 байланыс орталығына хабарласыңыз.

Еске салайық, бұдан бұрын жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілетіні туралы жаздық.