Шымкентте астыртын цех контрафактілік құрылыс қоспасын шығарып келген
Шымкент қаласының Әділет департаменті Полиция департаменті және Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, заңсыз өнім шығаратын астыртын цехтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Заңсыз өндірісте «Alina Group» компаниясына тиесілі «Alinex Glad» брендімен құрғақ құрылыс қоспасы, сондай-ақ «Қайсар» және «Крепость» кафель желімі дайындалған.
Тексеру барысында қызметкерлер аталған тауар белгісі заңсыз басылған 860-тан астам қап тәркіледі.
Бүгінгі таңда жиналған материалдар кінәлі тұлғаларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы («Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану») бойынша жауапкершілікке тарту үшін сотқа жіберілді.
Еске салсақ, Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех әшкереленді.