«Соғым-FEST»: Астанада өңір фермерлерінің жаңажылдық жәрмеңкелері өтеді

«Соғым-FEST»: Астанада өңір фермерлерінің жаңажылдық жәрмеңкелері өтеді
Фото: Астана әкімдігі

26-31 желтоқсан күндері Астанада «Соғым-FEST» мерекелік жаңажылдық жәрмеңкесі өтеді. Оған Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының фермерлері қатысады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара Алаш тас жолы, 35Б мекенжайындағы «Keryen Joly» сауда орталығының автотұрағында өтеді.

Сонымен қатар аталған сауда орталығында осы күндері қала тұрғындарына жақсы таныс қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылады. Мұнда жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірінен келген өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөністер мен жеміс-жидектерді, ет өнімдерін, ұн және сүт өнімдерін, нан-тоқаш пен кондитерлік өнімдерді, табиғи шырындар, тосаптар мен джемдерді тиімді бағада сатып ала алады.

Жәрмеңкелер әр демалыс күндері таңғы сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

Келушілердің ыңғайы үшін жәрмеңке маңынан № 7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307, 317 бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды.

Бұған дейін ірі қара мал етін шет елдерге экспорттауға рұқсат күшіне енгені туралы жазған едік.