Семейлік жасөспірім скинхед сотталды

Семейлік жасөспірім скинхед сотталды
Фото: freepik.com

Семейде кәмелетке толмаған жасөспірім экстремистік идеяларды таратуға әрекет жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлттық алауыздықты қоздырды деп айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта анықталғандай, 2025 жылы ақпан айында кәмелетке толмаған Б. Telegram-да «Skinheads industries-Semey» атты чат құрған. Топтың әкімшісі ретінде Үндістаннан келген студенттерді қорлайтын мәтін және аудио жариялаған. Сонымен қатар жасөспірім басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да осы қауымдастыққа тартуға шақырып, Семей аумағында экстремистік идеяларды таратуға әрекет жасаған.

Сот жаза тағайындау кезінде оның кәмелетке толмағанын, кінәсін мойындағанын ескерді. ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша сот Б.-ға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. 

Еске сала кетсек, ІІМ мен Астана мектептері профилактикалық жұмысты күшейтуге келісті.