Қазақстан түрме жүйесін жаңғырту тәжірибесін БҰҰ алаңында таныстырды
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Аустрия астанасы Вена қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының 35-сессиясына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемнің 100-ден астам мемлекетінің өкілдері бас қосқан халықаралық форумға Қазақстан делегациясы құрамында Бас прокуратураның, Сыртқы істер министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің атынан сессияға комитет төрағасының бірінші орынбасары, әділет полковнигі Нұрлан Рыспаев қатысты.
Пленарлық отырыста ол «Жазалау жүйесінен оңалтуға қарай: жазаларды орындауды ұйымдастыру мен сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің заманауи тәсілдері, Орталық Азия тәжірибесі және халықаралық стандарттар» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында Қазақстанда бас бостандығынан айыру орындарындағы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында қолға алынған шаралар, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Сессия қатысушылары қылмыстың алдын алу, қылмыстық сот төрелігі жүйесін жетілдіру және пенитенциарлық мекемелердің жұмысын жаңғырту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар түзеу мекемелеріндегі құқық бұзушылықтардың профилактикасы, цифрлық технологияларды енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану тақырыптарына ерекше назар аударылды.
Халықаралық форум аясында бірқатар жұмыс кездесулері мен келіссөздер өтті. Тараптар қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы заманауи тәсілдер бойынша тәжірибе алмасты.
Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық алаңдар үздік тәжірибелерді зерделеуге және қылмыстық-атқару жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1200-ден астам қару тәркіленгенін жазған болатынбыз.