Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан — Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды.
— Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл жұмысты қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, — деді ол.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын алға тартты.
— Өркениет көші ілгерілеген сайын еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді. Мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі елдеріміздегі өнеркәсіп өсімі мен технологиялық жаңғыруға негіз болады. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан кәсіби кадрларды даярлау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз, — деді Тоқаев.
Бұл ретте Президент жақында елімізде жасанды интеллектіні техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілгенін жеткізді.