Президент: Біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек

Бүгін, 12:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент: Біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтау салтанатты жиынында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Президенттің пікірінше, Қазақстанның табиғи ресурстарын және өндірістік әлеуетін ескерсек, біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек. 

Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн.  Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да тиісті көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Соның нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты. Экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірісін одан әрі дамыту  үшін әлемдік ең үздік компаниялармен әріптестік орнаттық, – деді Президент. 

Еске салайық, бұған дейін Президент энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтағанын хабарлаған едік.