Полиция Қарасайдағы жеке үйден есірткі зертханасын тапты
Алматы облысының Қарасай ауданында жасырын есірткі зертханасы анықталып, жойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
29 жастағы күдікті жеке үйді синтетикалық есірткі өндіретін зертханаға айналдырған. Қажетті жабдықтар мен химиялық реагенттерді жеткізу, сондай-ақ есірткі дайындау процесі интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы жүргізілген. Тінту кезінде 28 келіден астам α-PVP, 880 литр прекурсор және арнайы зертханалық жабдықтар тәркіленді. Дайын синтетикалық есірткі өндірілген алғашқы партия болған.

«Оның көлемі шамамен 125 мың бір реттік дозаға тең. Іс жүзінде өңірдегі криминогендік ахуалға елеулі қауіп төндіретін есірткі орталығы жойылды. Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін көздейді», - деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Еске сала кетсек, елордада иісшіл ит есірткі заттарды тасымалдау дерегін анықтауға көмектесті.