RWS Wagon вагондары тіркелген Астанадан Арқалық қатынайтын пойыз жыл соңына дейін жүретін болды
Жолаушылардың сұранысын ескере отырып, №225/226 «Нұрлы жол – Арқалық» жолаушылар пойызының қатынау мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» компаниясына сілтеме жасап.
«№225/226 «Нұрлы жол – Арқалық» пойызы бастапқыда жолаушылар ағынын зерделеу үшін тамыз айының соңына дейін сынақ тәртібімен іске қосылған болатын. Азаматтардан түскен өтініш пен қалыптасқан сұранысты талдай келе, пойыздың қатынауын жыл соңына дейін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бағыттың тағы бір ерекшелігі – пойызда Starlink технологиясы арқылы спутник интернеті іске қосылған. Ал пойыздың қолайлы жүру кестесі жолаушыларға өңірлер арасындағы сапарын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл шешім, ең алдымен, тұрақты көлік қатынасын сақтауға және жолаушылар үшін теміржол қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Жолаушыларды тасымалдау 2024 жылы шығарылған RWS Wagon жаңа вагондарымен жүзеге асырылады. Пойыз құрамында 3 купе және 3 плацкарт вагоны бар. Бір бағытта 250-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.
Вагондар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын заманауи талаптарға сай жабдықталған. Вагондарда ыңғайлы жатын орындар, жеке жарық шамы, USB порты және электр розеткалары қарастырылған. Вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін.
Пойыз күнара қатынайды. Бағыт бойынша пойыз Нұрлы жол, Жалтыр, Атбасар, Жақсы, Есіл, Державинск, Арқалық және басқа да станцияларда аялдайды.
Еске салсақ, тамыздың басында Астанадан Арқалыққа қатынайтын жаңа пойыздың кестесі жарияланды.