Никол Пашинян Alem.ai ЖИ орталығының жұмысымен танысады
Қазақстан мен Армения жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.
«Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Армения ІТ-технологиялар мен стартап экожүйесінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл – екі елдің экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды сала. Осы орайда, жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келістік, бұл бағытта бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне тоқталдық. Премьер-министр Пашинян мырза аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub және Alem.ai жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады. Келесі жылы Alem.ai негізінде Арменияның TUMO Astana халықаралық білім беру орталығы ашылады», - деді Мемлекет басшысы.