Референдум-2026

Мүгедектігі бар адамдар үшін қауіпсіз еңбек жағдайлары қалай қамтамасыз етіледі

Бүгін, 17:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мүгедектігі бар адамдар үшін қауіпсіз еңбек жағдайлары қалай қамтамасыз етіледі
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Мүгедектігі бар адамдар үшін қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының жұмыспен қамту және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасы еңбек саласындағы азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне кепілдік береді. Мүгедектіктің болуының өзі адамның еңбек құқықтарын шектеуге негіз бола алмайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі еңбек саласындағы кемсітушілікке жол бермеу қағидатын бекітеді және еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктердің теңдігіне кепілдік береді. Атап айтқанда, 25-бап еңбек шартын жасасу кезінде тиісті кепілдіктерді көздейді.

Қауіпсіз жұмыс орны

Жұмыс беруші жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауын қамтамасыз етуге міндетті. Еңбек кодексінің 181-бабына сәйкес, жұмыскер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарына сай жабдықталған жұмыс орнына, сондай-ақ қажетті санитариялық-тұрмыстық жағдайларға және жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуге құқылы. Жұмыс беруші, өз кезегінде, қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтауға, жұмыскерлерді оқыту мен нұсқама жүргізуді ұйымдастыруға, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

Мүгедектігі бар жұмыскердің еңбегін ұйымдастыру кезінде оның жеке мүмкіндіктері мен белгіленген шектеулерін ескеру қажет. Қажет болған жағдайда жұмыс орны жұмыскердің еңбек міндеттерін қауіпсіз орындауына мүмкіндік беретіндей бейімделуі тиіс. Бұл жұмыс аймағына, санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға, жабдықтарға және жұмысты орындау үшін қажетті басқа да объектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтуы мүмкін.

Медициналық ұсынымдарды ескеру

Медициналық ұсынымдар мен қарсы көрсетілімдерді сақтау маңызды мәнге ие. Еңбек кодексі медициналық қорытынды негізінде адамның денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілген жұмысқа еңбек шартын жасасуға жол бермейді. Сондықтан еңбек функциясын айқындау кезінде жұмыскердің денсаулық жағдайы мен болжамды жұмыс жағдайларын ескеру қажет.

Зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлармен, елеулі дене жүктемесімен, биіктіктегі жұмыстармен, механизмдерді пайдаланумен және басқа да кәсіптік тәуекелдермен байланысты жұмыстарға ерекше назар аудару қажет.

Арнайы жұмыс орындары

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру мәселелері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі. 108-бапқа сәйкес, арнайы жұмыс орны мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып құрылады және оның еңбек функцияларын орындау мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай жұмыс орындарын ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Осылайша, жұмысқа орналастыру тек жұмыс орнын формалды түрде ұсынумен шектелмеуі тиіс. Адамға еңбек міндеттерін қауіпсіз әрі толыққанды орындауға нақты мүмкіндік қамтамасыз етілуі қажет.

Жұмыскердің негізгі құқықтары және жұмыс берушінің міндеттері

Мүгедектігі бар жұмыскердің:

  • қауіпсіз және жабдықталған жұмыс орнына;
  • еңбек жағдайлары мен кәсіптік тәуекелдер туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;
  • қажетті қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуге;
  • қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен нұсқамадан өтуге;
  • белгіленген медициналық шектеулердің сақталуына;
  • еңбек құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғауға құқығы бар.

Жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, кәсіптік тәуекелдерді бағалауға және олардың алдын алуға, қажетті оқыту мен нұсқамаларды өткізуге, сондай-ақ қажет болған жағдайда жұмыс орнын жұмыскердің жеке мүмкіндіктерін ескере отырып бейімдеуге міндетті.

Еңбек қауіпсіздігі – артықшылық емес, әрбір жұмыскердің құқығы. Мүгедектігі бар адамдар үшін бұл құқықты қамтамасыз ету еңбекті қорғаудың жалпы талаптарын сақтаумен қатар, қажет болған жағдайда жұмыс орны мен еңбек жағдайларын тиісті түрде бейімдеуді көздейді. Мұндай тәсіл еңбек құқықтарының теңдігін, лайықты жұмыспен қамтуды және өндірістік жарақаттанудың алдын алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.