Мәскеуден келген жас спортшылар «Барыстың» ойынын тамашалады

Мәскеуден келген жас спортшылар «Барыстың» ойынын тамашалады
Фото: Сұлтан Сейітов

Бүгін, 21 желтоқсан күні Мәскеу қаласынан Астанаға келген дзюдошылар мен көркем гимнасттар «Барыс» хоккей клубының ойынын тамашалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Екі астана арасындағы 25 жылдық ынтымақтастық аясында Мәскеуден келген қонақтар елорданың көрікті нысандарының бірі – «Барыс Арена» мұз сарайын өз көздерімен көрді.

«Біздің Мәскеу қаласында да көптеген хоккей клубтары бар. Отбасымызбен «Динамо» командасына жанкүйерміз. Бұрын туған жерімде «Барыстың» ойынын көрген едім. Ал қазақ жерінде заманауи мұз сарайында матч тамашалап, ерекше әсер алдым. Жанкүйерлердің көп жиналуы да көңіл қуантады», – деді Мәскеуден келген Яна Габриелян.

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Қазақстан атынан өнер көрсететін «Барыс» клубы «Сочи» командасын қабылдап, 1:5 есебімен жеңіліс тапты.

Аталған матчты Астана қаласының 8 мыңнан астам тұрғыны тамашалады.

Айта кетейік, «Барыс» хоккей клубы 2008 жылдан бері Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп келеді. Ал «Барыс Арена» мұз сарайы 2015 жылдың 8 тамызында ресми түрде ашылған.

Бұған дейін Мәскеуден келген жасөспірім спортшылар елордада дзюдо мен көркем гимнастикадан жолдастық кездесулер өткізген еді.