2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексеру барысында кариес ауруының 80 169 жағдайы анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы «Саламатты мектеп» республикалық форумында айтылып, тісжегі профилактикасы және денсаулыққа пайдалы әдеттерді қалыптастыру мәселелері талқыланды.
2022 жылғы HBSC зерттеуінің деректеріне сәйкес, 11, 13 және 15 жастағы мектеп оқушыларының 14,4%-ы күн сайын құрамында қанты бар газдалған сусындар ішкен. Бұл – шамамен әрбір жетінші оқушы. Сауалнамаға қатысқандардың 66,6%-ы мұндай сусындарды аптасына кемінде бір рет тұтынған.
Сонымен қатар зерттеуге қатысушылардың тек 47,7%-ы тістерін күніне екі рет немесе одан да жиі тазалаған.
«Еркін қанттарды жиі тұтыну – кариес дамуының негізгі тағамдық факторларының бірі. Сондықтан профилактика тек стоматологқа барумен шектелмейді. Ол күнделікті қалыптасатын әдеттерден тұрады: ауыз қуысының тұрақты гигиенасы, тәтті сусындар мен құрамында қанты көп өнімдерді аз тұтыну, ауызсуға қолжетімділікті қамтамасыз ету және медициналық көмекке уақтылы жүгіну», - дейді мамандар.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңартылған Тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Стандарт тағам құрамындағы қант мөлшерін азайтуды көздейді. Ал тәтті сусындардың орнына су, сүт, қышқыл сүт өнімдерінен жасалған сусындар және қант мөлшері төмендетілген сусындар ұсынылады.