Италиялық «Интер» клубы чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі ойындары аясында «Қайрат» клубымен кездескен әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қазақ тілінде жазба жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еуропалық клубтың пиар қызметінің бұл қадамы қазақстандық жанкүйерлер тарапынан ыстық ықыласқа бөленді.
«Интер-Қайрат матчы өтті. Бірақ эмоциялар жалғасуда! Қазақстан жанкүйерлері үшін арнайы контентті көру үшін бізбен бірге болыңыз», - деп жазылған клубтың ресми парақшасында.
Сонымен бірге, жарияланған бейнежазбада отандық әншінің әні ұсынылды. Бұл әрекетті қазақ жанкүйерлері жылы қабылдап, көптеген пікірлер жазып қалдырды.
«Кейбір қазақтарға қарағанда сауатты жазады екен», «Өз еліміздің кей клубтары қазақша сауатты жаза алмай жатқанда, бұлар деген қатесіз жазып, әдемі қарсы алып жатқанда жаның рахаттанады екен. Рақмет, @inter», «Рилсты тек Қазақстанда көрінетін қылып қойған ғой. Бірақ сонда да күшті», «Еуропа қарашы, бұл қазақтың өлеңі», «Бізге осынша құрмет көрсеткендеріңізге мың алғыс» - деген сыңайда лебіздерін жазған.
Айта кетейік, Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңінде алматылық «Қайрат» «Интерге» қарсы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алайда матч нәтижесі 2:1 есебімен аяқталып, жерлестеріміз ұпай иелене алмады.