Канаданың Монреаль қаласында өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында екі ел арасындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, әуе қатынасы мен туристік байланысты кеңейту перспективалары талқыланды.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптардың тағайындаған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Айта кетерлігі, Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында танымал демалыс бағытының бірі, бұл өз кезегінде әуе қатынасын дамытуға қосымша алғышарт жасайды.
Еске сала кетсек, отандық лоукостер Дубайға әуе рейсін қайта іске қосады.