Кәсіпкерлерге өндіріске арналған тауарлардың импортына ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі
ҚР қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында микро және шағын бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр жаңа Салық кодексінде қолдау көрсетудің маңызды тетігі қарастырылып отырғанын атап өтті. Ол бойынша 1,5 мың АЕК-ке дейін (шамамен 6,5 млн теңге) борышы бар салық төлеушілер үшін мүлкін кепілге қоймай-ақ және банктен кепілдік әкелмей-ақ берешегін 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қолжетімді болады.
«Бұл бюрократияның азаятынын білдіреді, кепілді бағалау мен сақтандырудың қажеті жоғалады, бөліп төлеуді рәсімдеу мерзімі қысқарады. Бір деңгейдегі Мониторингке қатысушылар үшін бөліп төлеу 12 айға дейінгі мерзімге кепілсіз және кепілдіксіз беріледі», - деді Мәди Такиев.
Содай-ақ өндіріс субъектілері үшін өнім өндіруге арналған тауарлардың импортына ҚҚС төлеуді бір жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған дейін Мәди Такиев салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтқан болатын.