Елімізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін 49 мемлекеттік қызметтің 45-і электронды форматта қолжетімді. Бұл барлық қызметтің 91,8 пайызын құрайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азаматтар қажетті қызмет түріне қарай eGov.kz электрондық үкімет порталын, Enbek.kz электрондық еңбек биржасын, eGov Mobile қосымшасын және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын пайдалана алады.
Бұл платформалар арқылы мемлекеттік қызметтерге қашықтан өтініш беруге болады. Соның нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік мекемелерге жеке бару қажеттілігі азаяды.
Сонымен қатар министрлік мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта көрсету бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Проактивті қызмет дегеніміз не?
Бұл форматта мемлекеттік қызметті ұсыну бастамасын азамат емес, мемлекеттің өзі көтереді. Ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде әлеуметтік қолдау алуға құқығы бар адамдар анықталып, оларға тиісті қызметті пайдалану мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі.
Осылайша, азаматтарға өздеріне тиесілі қолдау шаралары туралы білу үшін мемлекеттік органға арнайы жүгінудің қажеті болмайды. Ал қызметті рәсімдеу тәртібі оның түріне және белгіленген талаптарға байланысты.
Қазіргі уақытта министрліктің 28 мемлекеттік қызметін проактивті түрде көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бұл барлық қызметтің 57,1 пайызына тең.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар арасындағы электрондық ақпарат алмасу жүйесі жетілдіріліп жатыр. Бұл азаматтардан бұрын тапсырылған немесе мемлекеттік дерекқорларда бар құжаттарды қайта сұрату қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Министрлік алдағы уақытта цифрлық және проактивті қызметтердің санын көбейтіп, оларды рәсімдеу тәртібін жеңілдетуді және қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуды жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын eGov-та адам ауруханаға түскен жағдайда жақындарына хабарлайтын сервис іске қосылғанын жазған едік.