Елордада қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Елордада қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында қала өміріне қатысты бірқатар маңызды нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Күн тәртібіне енгізілген мәселелер қатарында Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларына толықтыру енгізу, автотұрақтарға бөлінген жерлерге салықтың базалық ставкаларын айқындау, сондай-ақ бұрын қабылданған тиісті шешімдердің күшін жою мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктеріне қатысты қаулыға өзгерістер енгізу, су қорғау аймақтарын белгілеу туралы қаулыны толықтыру, тұрғын үй көмегін көрсету тәртібіне өзгерістер енгізу және қаладағы реновацияға жататын тұрғын үйлердің тізбесін бекіту мәселелері қаралды.

Отырыс барысында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше тоқталды. Кеңес төрағасы бұл мәселенің тұрғындар үшін маңызы жоғары екенін атап өтіп, қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыру тұрғысынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы сала мамандары мен баяндамашыларға нақты сұрақтар қойды.

Кеңес мүшелері ұсынылған жобалар бойынша пікір алмасып, тиісті ұсыныстар айтты.

                                                                  Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ