Референдум-2026

Елордада нөмірін әдейі жасырған мотоциклші жүргізуші куәлігінен айырылды – ВИДЕО

Бүгін, 15:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада нөмірін әдейі жасырған мотоциклші жүргізуші куәлігінен айырылды – ВИДЕО
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астанада мотоцикл жүргізушілері арасында жол қозғалысы қағидаларын бұзудың алдын алу және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірлік белгілердің талапқа сай болуына, көлік құралын басқару құқығының болуына, техникалық жағдайы мен қайта жабдықталуына, сондай-ақ жол белгілері, жол таңбалары мен маневр жасау қағидаларының сақталуына ерекше назар аударуда.

«Жыл басынан бері құқық бұзушылық жасаған жүргізушілердің 400-ге жуық көлік құралы коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды.

Патрульдік полицияның мамандандырылған батальоны қызметкерлері кезекті патрульдеу кезінде мемлекеттік нөмірінің бір цифрын скотчпен жауып, оны оқылмайтындай етіп қойған мотоцикл жүргізушісін анықтады», - делінген хабарламада.

Тексеру барысында оның бұл әрекеті автоматты камералар арқылы тіркелетін құқық бұзушылықтардан жалтару мақсатында жасалғаны анықталды.

Сот шешімімен мотоцикл жүргізушісі бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Мотоцикл коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды.

Полиция мемлекеттік нөмірді жасыру немесе оны әдейі өзгерту жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Жүргізушілер жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтап, көліктің техникалық жағдайын бақылауға және жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне құрметпен қарауға міндетті.

Еске сала кетейік, елордада таксиде әдепсіз әрекет көрсеткен ер адам қамалды.