Елімізде үш ақылы жолда ЖИ элементі бар автономды камералар орнатылып жатыр
Жүргізушілер жол бойындағы ерекше құрылғының суретін бөлісіп, сұрай бастады. Бұл - ақылы жолдарда сыналып жатқан «ақылды» камералар, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Компанияның мәлімдеуінше, жол саласын цифрландыру аясында енгізіліп жатқан жасанды интеллект элементі бар жаңа бейнеаналитика жүйесі. Камералар – республикалық жолдардағы жағдайды тәулік бойы бақылап, оқиға кезінде жедел әрекет етуге көмектеседі.
«Жүйенің басты ерекшелігі – автономды жұмыс істейді. Құрылғы инфрақұрылым жоқ шалғай жол учаскесінде де қызмет ете алады. Ол үшін камера күн панельімен және жел генераторымен жабдықталады. Күн мен желден қуат алып, жолдағы жағдайды нақты уақыт режімінде бақылап, деректерді тиісті қызметтерге жеткізеді», делінген хабарламада.
Жасанды интеллект жолдағы ықтимал қауіпті жағдайды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, жүйе жүру бөлігінде жаяу жүргіншінің немесе жануардың пайда болуын, қарсы бағытқа шығуды, артқа жүруді, тұрақ ережесін бұзуды тіркей алады. Сонымен қатар көліктің нөмірін, маркасын және түсін тану мүмкіндігі бар.
Пилоттық жоба «Алматы – Қонаев» ақылы учаскесінде сынақтан өтіп жатыр. Мұнда жабдықтардың және автономды инфрақұрылымның жұмысы тексеріледі.
Сонымен қатар 134 шақырымдық «Астана – Теміртау» учаскесінде де орнатыла бастады. Аталған бағытта бағандар орнатылып, камера, күн панелі, жел генераторы және дерек беру жабдықтарын монтаждауға дайындық жасалып жатыр.
Бұдан бөлек, «Астана – Щучинск» учаскесінде де дайындық қолға алынды. Мұнда байланыс инфрақұрылымы мен жабдықтарды орналастыруға әзірлік басталды.
Компанияның мәлімдеуінше, алдағы уақытта мұндай құрылғылар автомобиль жолын мониторингілеудің бірыңғай интеллектуалды жүйесінің бір бөлігіне айналады.
Еске салсақ, ТЖМ ЖИ негізінде бейнебақылау жүйесі мен дронды көбірек пайдалана бастағанын мәлімдеді.