Елімізде су саласына маман даярлайтын оқу орындарының саны артты
Қазақстанда су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, еліміздің су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын оқу орындарының саны артқан. Мәселен, 2023 жылы республикада су шаруашылығы мамандарын даярлайтын 9 жоғары оқу орны және 6 колледж болса, бүгінде су шаруашылығы саласына мамандарды 13 университет пен 10 арнаулы орта оқу орны даярлайды. Осылайша, су саласына кадр даярлайтын оқу орындарының жалпы саны 15-тен 23-ке дейін өсті.
Бұ ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Сонымен қатар Астана технологиялық колледжі, Көксу политехникалық колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі және Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі студенттеріне су саласы бойынша мамандықтарда білім алу мүмкіндігі берілді.
«Министрлік су шаруашылығы мамандарын даярлайтын барлық оқу орнымен меморандумдар жасасты. Бұл оқу орындарында білім алатын студенттер «Қазсушар» РМК-ның филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Биыл су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Қазіргі таңда су саласы бойынша мамандықтарда шамамен 2,7 мың адам білім алып жатыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, еліміздің шығысында су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытатын ауқымды жоба әзірленіп жатыр.