Елімізде құрылысы аяқталмаған 10 гидротехникалық нысан пайдалануға беріледі
Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялауға қатысты ұзақ уақыттан бері аяқталмай тұрған жобаларды жүзеге асыру алгоритмін әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Осы алгоритмге сәйкес, 2010-2020 жылдары басталып, түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған 10 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын қайта бастау және толық аяқтау жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қызылорда және Түркістан облыстарында орналасқан алты каналды реконструкциялау және жаңғырту жобасы, Ақмола облысындағы екі су қоймасын реконструкциялау, Абай облысындағы бөгет гидроторабын реконструкциялау және Алматы облысындағы су алу нысанын электрмен қамтамасыз ету жобасы бар.
2025 жылы барлық нысанның техникалық жағдайына тексеру жүргізіліп, атқарылған және соңына дейін жеткізілмеген жұмыстардың көлемі анықталды. Сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының нұсқамалары алынып, жобалау-сметалық құжатты түзетуге арналған техникалық тапсырмалар әзірленді. Құжаттарды түзету жұмыстары биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
«Бұл жобаларды іске асыру гидротехникалық нысандардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге, апаттық тәуекелдердің алдын алуға, суды автоматтандырылған есепке алу жүйелерін енгізуге және су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарып, өнімділік артады және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы нығаяды», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, Қостанай облысындағы ірі су қоймаларында 461 млн текше метр бос орын бар.