Париж Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов үлкен спортқа қайта оралатынын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Олимпиададан кейін мәнсабымды аяқтаймын деп айтқан жоқпын. Әрі қарай күресті жалғастырамын дегенмін. Қазір жарақаттан кейін қалпына келу кезеңіндемін. Иығыма ота жасалды, енді толық жазылуын күтіп отырмыз. Егер бәрі жоспарға сай болса, желтоқсан айынан бастап жаттығуды бастаймын. 2026 жылы жарыстарға қатысуды жоспарлап отырмын. Бірақ әзірге нақты қай турнирге және қай уақытта шығатыным белгісіз», – деді Сметов.
Спортшының айтуынша, жарыстарға қатысу жарақаттың жағдайына, жаттығу үдерісіне және спорттық бабына байланысты болады.
Айта кетейік, Елдос Сметовтің соңғы ресми жарысы – 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындары. Дзюдошы 60 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленген болатын.