Ел дамуының аса маңызды кезеңі басталды - Мәулен Әшімбаев
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасы, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев елімізде жаңа Конституцияның заңды күшіне енуіне байланысты қазақстандықтарды құттықтап, бұл күнді ел дамуының аса маңызды кезеңінің бастауы деп атады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол өз құттықтауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевнің бүгінгі үндеуінде айтылған бастамаларға тоқталып, жаңа Ата заңның күшіне енуі тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесін, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарын түбегейлі жаңғыртуға жол ашатынын атап өтті.
«Шын мәнінде, жаңа Ата заңды қабылдау мемлекетіміздің жаңғыру мен жасампаздық жолындағы тағдыршешті қадам болды. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда халқымыз өз таңдауын жасап, елдің құқықтық негізін бекемдеп қана қоймай, көздеген мұраттарға жету жолында табан тірейтін құндылықтар мен қағидаттарды белгіледі.
Басты мақсат – Тәуелсіздікті нығайту, адамның қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде орнықтыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейту және әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан қалыптастыру.
Жаңа Конституция бізден жаңа саяси мәдениетті, жаңа қоғамдық сананы және жаңа жауапкершілікті талап етеді. Бұл жолда белсенділік таныту, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу және Ата заңда көрсетілген басымдықтарды нақты нәтижеге айналдыруға үлес қосу аса маңызды. Қазақстандықтар осы ортақ міндетті жүзеге асыруда ауызбіршіліктің биігінен көрінеді деп сенемін.
Жаңа Конституциямыз тағы да құтты болсын!
Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін», деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook-те.