Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында қоғамдық сананы жаңғырту мен жаңа қоғамдық әдеп қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл ретте адалдық, заңға құрмет, еңбекқорлық және жеке жауапкершілік қағидаттарына негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасына басымдық берілді. Аталған құндылықтардың жастар арасында орнығуы елдің ұзақмерзімді дамуы үшін маңызды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, институттың Шымкент қаласындағы өкілі Данара Саранова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының пікірінше, жастар саясаты үшін «Адал азамат» тұжырымдамасының мәні ерекше. Өйткені жас ұрпақтың қандай құндылықтарды ұстанатыны ғана емес, олардың күнделікті өмірде, еңбекке және қоғамға деген көзқарасында қалай көрініс табатыны да маңызды.
2026 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны шамамен 6,2 миллион адамды құрайды. Бұл – ел халқының елеулі бөлігі. Дегенмен демографиялық әлеуеттің өзі қоғамдық дамуға кепіл бола алмайды. Жастардың сапалы білім алуына, кәсіби өсуіне, жұмысқа орналасуына және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасалуы қажет.
«Жастардың бойында кәсіби дағдылармен қатар дербестік, жауапкершілік және шешім қабылдауға дайындық қалыптасуы маңызды. Бұл қасиеттер адамның білім алу, еңбек ету және қоғамдық өмірге қатысу тәжірибесі арқылы орнығады», – деді сарапшы.
Данара Саранова жастардың білім беру және еңбек үдерістеріне қатысу деңгейіне де назар аударды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында NEET санатындағы жастардың үлесі 5,7 пайызды, ал 15–34 жас аралығындағы азаматтар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құраған.
Сарапшы бұл екі көрсеткіштің айырмашылығын ескеру қажет екенін атап өтті. NEET санатына жұмыссыздармен қатар оқымайтын, кәсіптік даярлықтан өтпейтін және жұмыс іздемейтін жастар да кіреді. Сондықтан жұмыссыздық деңгейі жастардың әлеуметтік және экономикалық өмірге тартылу жағдайын толық көрсете алмайды.
«Жастардың бір бөлігі үшін мамандық алу, еңбек нарығына шығу және өз әлеуетін іске асыру мәселелері әлі де өзекті. Еңбекқорлық пен жеке жауапкершілікке бағдар қалыптастыру білім алуға, кәсіби дамуға және өзін-өзі жүзеге асыруға қолжетімді мүмкіндіктермен қатар жүруі тиіс.
Бүгінде жастардың құндылықтары қалыптасатын орта да өзгеріп келеді. Отбасы мен білім беру жүйесінің ықпалы сақталғанымен, цифрлық кеңістік пен әлеуметтік желілер жас буынның дүниетанымына елеулі әсер етеді. Олар ақпарат алмасу алаңы ғана емес, табыс, әділдік, қоғамдық нормалар мен жеке мүмкіндіктер туралы түсініктер қалыптасатын ортаға айналды. Осыған байланысты жастарға адалдық пен заңға құрмет туралы айту жеткіліксіз. Бұл қағидаттардың білім беру ұйымдарында, мемлекеттік органдарда, кәсіби ортада және күнделікті қарым-қатынаста нақты жүзеге асуы маңызды. Жастар әділдік пен жауапкершіліктің іс жүзіндегі үлгісін көріп, өз бетінше шешім қабылдау тәжірибесін жинақтауы қажет», – деп түсіндірді ол.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында ұсынылған ҚСЗИ әлеуметтанулық зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, жастардың 85,5 пайызы елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайды және Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.
Данара Саранова бұл көрсеткіш жастардың елдегі өзгерістерге көзқарасын танытатынын, алайда реформаларды қолдау мен қоғамдық өмірге тікелей қатысу екі бөлек ұғым екенін атап өтті. Оның айтуынша, жас азамат мемлекеттік саясатты оң бағалағанымен, өзі тұратын қала, аудан немесе ауылдағы мәселелерді шешуге араласпауы мүмкін. Сондықтан жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуға, ортақ міндеттерді шешуге және нәтижесі үшін жауапкершілік алуға қаншалықты дайын екенін де зерделеу қажет.
Бұл тұрғыда волонтерлік қозғалыстар, жастар бірлестіктері, білім беру ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор. Олар жастарға бастама көтеруге, бірлесіп жұмыс істеуге және өз әрекетінің нақты нәтижесін көруге мүмкіндік береді. Дегенмен қоғамдық жұмыстың тиімділігін өткізілген іс-шаралар немесе оған қатысқан адамдар саны арқылы ғана бағалау жеткіліксіз.
«Жастардың жоба аяқталғаннан кейін де қоғамдық қызметін жалғастыруы, өз бастамаларын ұсынуы, жергілікті атқарушы органдармен диалог орната алуы және ұсыныстарының іс жүзінде қолданылуы әлдеқайда маңызды. «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру бір реттік іс-шаралар мен ақпараттық науқандар шеңберінен кеңірек қарастырылуы керек. Негізгі міндет – адалдық, заңға құрмет, жауапкершілік және қоғамға пайда әкелуге дайындық күнделікті мінез-құлықтың ажырамас бөлігіне айналатын орта қалыптастыру. Бұл үшін отбасы, білім беру жүйесі, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың өзара үйлесімді жұмысы қажет. Сонымен қатар жастардың өз мүдделеріне қатысты мәселелерді талқылауға және шешім қабылдау үдерісіне қатысуына жағдай жасалуы тиіс», – деп атап өтті сарапшы.
Қорыта айтқанда, жастар саясатының нәтижесі жас азаматтардың жария етілген құндылықтарды қаншалықты қолдайтынымен ғана өлшенбейді. Оларды күнделікті өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайлардың болуы да маңызды. Сарапшы атап өткендей, «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – жастардың жеке жауапкершілігін дербес әрекетке, ал қоғамдық өмірге қатысуға дайындығын ел дамуына қосатын нақты үлеске айналдыру.